Ішкі істер органының зейнеткері есірткі сатқан

 Ақтөбеде Ішкі істер органының зейнеткері есірткімен ұсталды. 50  жастағы ер адам марихуананы өзі пайдаланып қана қоймай, басқаларға да сатып келген.

Жансая ЕСМАҒАНБЕТ

kerekinfoaktobe@gmail.com

 

  Іс құжаттарына қарағанда, ер адам   жалпы салмағы 183,54  грамм болатын  ірі мөлшердегі кептірілген марихуананы өткізуге ыңғайлы болу үшін 4 грамнан бөліп, қағаз қиындыларына ораған. Кейін оны өзінің «Toyota Land Cruiser» маркалы автокөлігінің құжат салғышына заңсыз өткізу мақсатында сақтап, тасымалдаған. Полиция қызметкері  Ішкі істер органдарының зейнеткерін  есірткілік масаң күйде  көлік жүргізіп келе жатқан кезінде ұстайды. Сол сәтте тәртіп сақшылары автокөлігін тінтіп, жалпы салмағы 179,14 грамм кептірілген марихуана табады. Ол аса ірі мөлшердегі есірткіні үйінде де сақтаған. Ер адамның гаражын тінту кезінде сатуға арналған 1 келіден астам есірткі табылды.

     Сотта ол өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ.  

 -Сол күні мен автокөлігіммен ауылға  қарай шыққан едім. Жанармай бекетіне  жетер-жетпесте полиция қызметкерлері тоқтатты. Автокөлікті тінту барысында ақ қағазға оралған 44 дана кептірілген марихуана тапты.  Есірткіні өзім пайдалану үшін дайындап қойған едім. Нақты салмағын білмеймін. Гараждан табылған есірткі де өзіме тиесілі. Телеграмм арқылы 1,5 келі кептірілген марихуананы 200 мың теңгеге сатып алған едім.  Ешкімге сатпадым. Оны өзім жеке тұтыну үшін сатып алдым.  Мені бас бостандығымнан айырмауыңызды сұраймын,-деді ол. 

    Алайда сотта куәгерлердің бірі  сотталушының есірткі сатқанын жасырмай, айтып берді. Оның айтуынша, сәуір айында танысынан ақ қағазға оралған, ішінде кептірілген марихуанасы бар ораманы сатып алған. Ол ұнтатылған жасыл түсті өзіндік иісі бар, өсімдік болған. Ер адам бұл үшін сотталушының есепшотына 3 мың теңге аударып жіберген.

-Сотталушының есірткі сататынын таныстарым арқылы естідім. Одан  “қарайтын бар ма” деп сұрадым. Өйткені  кептірілген марихуананы есірткі  қолданушылар өзара бір-бірінен осылай сұрайды,-деді ол.                  

Ақтөбе қаласының № 2  сотының үкімімен сотталушы Бекболат А.  Қылмыстық Кодекстің 297-бабының 3-бөлігі (Есірткі,писихотроптық заттарды  өткізу мақсатында заңсыз сақтау, тасымалдау) бойынша кінәлі деп танылды. Оған рақымшылық заңы қолданылып,  түпкілікті 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.Сотталушы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейді. Бұған дейін үй қамағында болған ол сот залында қамауға алынды.

      Сот үкіміне сәйкес, ІІО зейнеткері  полиция старшинасы арнаулы шенінен айырылды. Сондай-ақ сотталушы есірткі құралын тасымалдаған автокөлік мемлекет меншігіне тәркіленді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

 

Құқық
15:10, 26 ноябрь 2026
0
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив