Қала шегіндегі карьер және «алынып тасталған» ескертулер: қоғамдық экологиялық тыңдауларға жүргізілген мониторинг нәтижелері

 2026 жылғы маусым–қыркүйек айларында «Ғылым және инновациялар» корпоративтік қоры Ақтөбе облысында өткен тоғыз қоғамдық экологиялық тыңдауға мониторинг жүргізді. Қор мамандары жобалық құжаттарды зерделеп, тыңдауларға қатысты, жазбаша ескертулер жолдады және хаттамаларға шағымданды.

Мониторинг «Орхус конвенциясы талаптарын орындаудың негізгі құралы ретінде қоғамдық экологиялық тыңдауларды өткізу тиімділігін арттыру» жобасы аясында жүргізілді. Жоба Еуропалық одақтың қаржыландыруымен «Батыс Қазақстандағы адам құқықтары үшін консолидация» жобасының шағын гранттар бағдарламасы аясында «Эко Мангистау» ҮЕҰ-ның қаржылық қолдауымен іске асырылуда.

Қоғамдық тыңдаулар — кәсіпорын экологиялық рұқсат алғанға дейін тұрғындар жобаға ықпал ете алатын заңмен көзделген рәсім. Оның тәртібін Экологиялық кодекс, Қоғамдық тыңдауларды өткізу қағидалары (№ 286 бұйрық) және Қазақстан 2001 жылы ратификациялаған Орхус конвенциясы белгілейді. Төменде — мониторинг қорытындылары бойынша қордың бағалауы.

Негізгі қорытындылар

  • Ескертулер авторлардың келісімінсіз «алынып тасталады». Тоғыз тыңдаудың алтауында қоғамдастықтың ескертулері хаттамада «алынып тасталды» деп белгіленген, бірақ авторлар оларды алып тастамаған. Қағидалар бойынша ескертуді тек оның авторы ғана ала алады.
  • Хаттаманы жобалаушы ұйымның өкілі жүргізеді. Тоғыз тыңдаудың төртеуінде хатшы болып құжаттары талқыланып отырған жобалаушы ұйымның өкілі сайланды.
  • Тұрғындар денсаулығына тәуекел бағаланбайды, тіпті тұрғын үй ластану аймағының шекарасына жақын болса да.
  • Ластанудың таралу есебі фондық ластануды ескермей, ескі әдістемелер бойынша жасалады, ал 2026 жылғы 24 маусымнан бастап жаңа әдістемелер (№ 122-Ө бұйрық) қолданыста.
  • Құжаттар «көшіріледі». Бір құжатқа басқа құжаттың түйіндемесі тіркеледі, газ желілері жобасында «карьер машиналарының қозғалысы» туралы бөлім кездеседі.
  • Тыңдау орны мен уақыты хабарландырусыз өзгертіледі, ал кей тыңдаулар ең жақын елді мекенде емес, басқа жерде өтеді.

Оң мысалдар да бар: кейбір бастамашылар қоғамдастықтың ескертулерінен кейін құжаттардағы қателерді мойындап, түзетуге міндеттенді. Демек, ескертулер «алынып тасталмаса», олар нәтиже береді.

Мысал: «Арна» карьері, «Nord West Geo» ЖШС

2026 жылғы 26 тамызда Ақтөбе қаласы Орлеу тұрғын алабындағы № 57 мектепте «Арна» құм және құм-қиыршықтас қоспасы кен орнының 1-учаскесі бойынша тау-кен жұмыстары жоспарын түзету жобасына екі қоғамдық тыңдау өтті. Нысан Ақтөбе қаласының шегінде, Елек өзенінің жанында орналасқан. Өндіру көлемі — жылына 42 мың текше метр, мерзімі — 2026–2035 жылдар.

Бір нысан бойынша екі жеке тыңдау бір бөлмеде, бір сағат аралықпен белгіленді: сағат 10:00-де — ықтимал әсерлер туралы есеп, 11:00-де — шығарынды нормативтері және өзге құжаттар. Материалдардың жалпы көлемі — 550 беттен астам. Орхус конвенциясы қоғамдастықтың тиімді қатысуы үшін ақылға қонымды мерзімдерді талап етеді.

Бірінші тыңдау: ықтимал әсерлер туралы есеп

  • Елек өзені және су қорғау аймағы. Өзен учаскеден шамамен 100 метр жерде ағады, ал есепте нысан су қорғау аймағынан тыс деп көрсетілген. Қордың бағалауы бойынша, Қағидаларға сәйкес су қорғау аймағының ең аз ені жайылма мен жайылма үсті террасаларына қоса 500 метр болғандықтан, бұл қорытынды түсіндіруді қажет етеді. Сонымен бірге бір бөлімде кен орны өзеннің әрі оң, әрі сол жағалауына жатқызылған.
  • Бассейндік инспекциямен келісу көрсетілмеген, дегенмен қамту саласын айқындау туралы қорытынды мұны тікелей талап еткен.
  • Тұрғындар денсаулығына емес, жұмысшыларға тәуекел бағаланған. Бөлім «карьер жұмысшыларының денсаулығына тәуекелді анықтау» деп аталады, ал қорытынды халық туралы жасалған.
  • Таралу есебі фонсыз жасалған: кестелерде он бес рет «фондық концентрация берілмеген» деп жазылған, ал нысан өнеркәсіп қаласының шегінде тұр.
  • Есептер 1992 және 1996 жылғы әдістемелер бойынша жасалған.
  • Баламалы нұсқалар мазмұнсыз: сегіз санат тізіліп қана қойылған, неге қабылданбағаны түсіндірілмеген.
  • Су көзі көрсетілмеген: жылына 7 200 текше метр техникалық суды кім беретіні және арнаулы су пайдалануға рұқсаттың бар-жоғы белгісіз.
  • Аршылған жыныстардың көлемі сәйкес келмейді: шығарынды есебінде жылына 21,5–22 мың текше метр, қалдықтар бөлімінде — 16 мың текше метр.

Екінші тыңдау: шығарынды нормативтері және бағдарламалар

  • Дизель отыны сыйымдылығы өзеннен шамамен 100 метр жерде. Жобаның өзі су қорғау аймағында мұнай өнімдерін сақтауға тыйым салады. Тыңдауда жобалаушы сыйымдылықты жобадан алып тастайтынын мәлімдеді және бұл хаттамаға енгізілді. Бұл — оң мысал.
  • Су қорғау аймағының ені 50 метр деп нормаға сілтемесіз қабылданған. Қордың бағалауы бойынша, 50 метр — су қорғау белдеуінің ені, ал аймақтың ең аз ені одан үлкен.
  • Таралу есебі тағы да фонсыз, есептер 1996, 2008 және 2011 жылғы әдістемелер бойынша жасалған.
  • Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар бөлімі 1984 жылғы басшылық құжат бойынша жазылып, «отынды жағуды қысқартуды» ұсынады. Ал карьердегі негізгі ластаушы зат — шаң, шаңды басу шаралары қарастырылмаған.
  • Техникалық емес түйіндеме басқа құжатқа қатысты: ол бір сағат бұрын талқыланған есептің түйіндемесімен толық сәйкес келеді.

Тыңдаулар қалай өтті. Екі тыңдауда да хатшы болып жобалық материалдарды әзірлеуші сайланды. Қордың ескертулері хаттамада «алынып тасталды» деп белгіленді, алайда екінші тыңдауда қор өкілінің мұндай белгіні тек ескерту авторы ғана қоя алатыны туралы қарсылығы хаттамаға енгізілді. Жарияланған материалдар арасында тыңдауды келісу туралы сұрау хат пен жауап хат болмады.

Қор не істеді. Екі тыңдау бойынша жазбаша ескертулер Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына жолданды. Қор бастамашыдан әрбір ескертуге мәні бойынша жауап беруді, Елек өзенінің су қорғау аймағының шекарасын нақтылауды, дизель отыны сыйымдылығын жобаның түпкілікті нұсқасынан алып тастауды және хаттамадан авторлар алып тастамаған ескертулерге қойылған «алынып тасталды» белгісін алып тастауды талап етті.

Не өзгеруі керек

  • Хаттамаға «Қоғамдастықтың ұстанымдары» бөлімін енгізу: алынып тасталмаған ескертулер, дауыс беру нәтижелері, тұрғындардың ұсыныстары, бастамашының уәделері.
  • «Алынып тасталды» белгісін тек автордың сөзімен, дауыстап және бейнежазбада қою.
  • Хатшы етіп бастамашының немесе жобалаушының өкілін сайламау.
  • Бір нысан бойынша тыңдауларды уақыт бойынша бөлу, тұрғындарға құжаттармен танысуға жеткілікті уақыт беру.
  • Тыңдауды әсер ететін әр аудан мен ең жақын елді мекенде өткізу.

Қор мониторингті және аудандық әкімдіктермен жұмысты жалғастыруда.

Жоба Еуропалық одақтың қаржыландыруымен «Батыс Қазақстандағы адам құқықтары үшін консолидация» жобасының шағын гранттар бағдарламасы аясында «Эко Мангистау» ҮЕҰ-ның қаржылық қолдауымен іске асырылуда. Материал мазмұны «Ғылым және инновациялар» корпоративтік қорының жауапкершілігіндегі мәселе болып табылады және Еуропалық одақтың ұстанымын міндетті түрде көрсетпейді.

Қоғам
16:51, 25 ноябрь 2026
0
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив