Ақтөбеде дәретханаға таласқан келіншектер төбелесіп қалды
Ақтөбеде ресто-барға барған келіншектер дәретхана кезегіне таласып, жанжал шығарды. Оқиға кезінде екі құрбы жәбірленушіні шашынан сүйреп, тепкілеп тастаған.
Жансая ЕСМАҒАНБЕТ
kerekinfoaktobe@gmail.com
Оқиға 17 шілдеде түн жарымында Ақтөбедегі ресто-барлардың бірінде болған.Іс құжаттарына қарағанда, 32 жастағы келіншек демалыс орнына құрбысымен бірге көңіл көтеруге барады. Сол жерде дәретханаға кезексіз кіріп кеткен жәбірленушімен жанжалдасып қалады. Кейін оларды сол жерде жүрген адамдар ажыратып жібереді. Алайда келіспеушілік мұнымен тоқтамаған. Қос құрбы жәбірленушінің өздеріне жақын орналасқан үстелде отырғанын байқап, онымен тағы сөзге келген. Жанжал барысында олар жәбірленушіні шашынан тартып, жерге құлатқан.Тіпті екеулеп басынан теуіп, жұдырықпен арқасынан соққы жасаған. Қоғамдық орында тәртіп бұзған екеу қасындағылардың ескертуін де елемепті. Ақыры әйелдердің төбелесі сотқа жетіп, Қылмыстық Кодекстің “Бұзақылық” бабы бойынша іс қозғалды.
Сотта келіншек кінәсін толықтай мойындады. Жасаған ісіне өкініп, жәбірленушіден кешірім сұрады. Кәмелетке толмаған балаларының барын ескеріп, соттан өзін қатаң жазаламауды сұрады. Ал оның құрбысы тағылған айыпты ішінара мойындады.Ол жәбірленушіні шашынан ұстап, жерге құлатқан. Аяғымен тепкісі келген, алайда соққысы оған тимеген көрінеді. Сот отырысы кезінде жәбірленушінің де уәжі тыңдалды.
-Сол оқиға салдарынан құлағым қанап, ернім, бетім мен арқам істі. Сонымен қатар оң қолымның бесінші саусағы сынды. Осы дене жарақаттарының салдарынан маған 500 мың теңге көлемінде моральдық шығын келді. Талап арызды қолдаймын. Сотталушыларға қатысты жазаны соттың қарауына қалдырамын,-деді ол.
Ақтөбе қаласының №2 сотының судьясы Бек Нұрниязов сотталушыларды кінәлі деп тауып,олардың әрқайсысына 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Пробациялық бақылау белгіленіп, бірқатар шектеулер енгізілді. Сот үкіміне сәйкес, сотталғандар түнгі уақытта тұрғынжайдан кетпеуі, отбасын материалдық қолдауды жүзеге асыруы тиіс. Қос құрбы енді жергілікті атқарушы органдар айқындайтын орындарда жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылады. Бұған қоса олар жәбірленушіге моральдық зиян ретінде 300 мың теңге төлеуі тиіс. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.


