Репродуктивті денсаулық – жарқын болашақтың кепілі

 «Жастарға кеңес» жобасы аясында №27 орта мектеп-лицейінде «Репродуктивті денсаулық – жарқын болашақтың кепілі» атты кездесу өтті.Шараға қатысқан 150 оқушы мамандармен еркін пікір алмасып, репродуктивті саулықтың физикалық әрі эмоционалдық қырларын талқылады.

Аружан СМАҒҰЛОВА

@smagulova__aruzhan

Өтпелі кезеңдегі өзгерістерді дұрыс қабылдау және кез келген сауалға тексерілген ақпарат арқылы жауап іздеу – жасөспірімнің өзіне деген сенімін нығайтатын басты тетіктердің бірі. Кездесу барысында репродуктивті денсаулықты тек физикалық жағдаймен ғана шектемей, оны ішкі тепе-теңдік пен тұлғалық құндылықтармен сабақтастыра қарастыруға басымдық берілді.

«JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығының әдіскері Назерке Өтеп Нұрланқызы эмоциялық құбылмалылықты түсіну, өзін-өзі бағалауды орнықтыру және жеке шекараны сақтау мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, күрделі жағдайларда уақытылы кәсіби психологиялық қолдауға жүгіну – әлсіздік емес, керісінше, саналы таңдау.

Жиын еркін форматта өтіп, мектеп оқушылары өздерін толғандырған сұрақтарға тікелей жауап алуға мүмкіндік алды. Ақтөбе қаласының жастар ресурстық орталығының маманы Сәндіғалиқызы Ару жастар арасында ақпараттық сауаттылықты арттыру мен жастарға бағытталған кеңес беру жүйелілігіне назар аударды.

— Жалпы оқушылардың қызығушылығы жақсы болды. Олар мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, қажетті жауаптарын алды. Мұндай кездесулердің ерекшелігі – оқушылар тек ақпарат тыңдап қана қоймай, өздеріне қажетті сұрақтарды тікелей мамандарға қоюға мүмкіндік алады. Сондықтан осындай ашық форматтағы жүздесулердің пайдасы зор деп ойлаймын. Қазіргі таңда жастар арасында денсаулыққа қатысты дұрыс ақпараттың болуы өте маңызды. Әсіресе жасөспірім кезеңінде түрлі өзгерістер болады, сондықтан осы мәселелерді мамандардың қатысуымен ашық әрі дұрыс түсіндіруді жөн көрдік, — деді Ару Сәндіғалиқызы.

Ал «Жастар» жастар денсаулық орталығының терапевт дәрігері Дария Бұхарбаева репродуктивті денсаулықты сақтау, жеке гигиена, салауатты өмір салты және аурулардың алдын алу бағытында медициналық тұрғыда ақпарат берді.

Қоғам
16:34, 26 ноябрь 2026
0
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив