Ақтөбеде 46 сотталушы мектеп бітірді
Түзеу мекемесі жанындағы кешкі мектепті аяқтаған сотталушыларға соңғы қоңырау соғылды. Биылғы мектеп бітіргендердің арасында 50-ге жақындап қалғандар да бар. Бұл туралы облыстық ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Назгүл Әбетова
@nazgulabetova
Ақтөбедегі №8 қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінің жанындағы кешкі мектепті 46 оқушы аяқтады. Сотталушылар үшін “Сыңғырла, соңғы қоңырау!” салтанатты шарасы өтті. Шара соңында оқу екпінділері мен мәдени-тәрбиелік жұмыстарға белсене қатысқандар марапатталды. Енді олар аттестат алу үшін сынақ тапсыратын болады.
ҚАЖ департаментінің баспасөз хатшысы Гүлфайруз Төремұратованың айтуынша, түзеу мекемелерінде 30 жасқа дейінгілер орта білім алуға міндеттеледі. Ал 30 жастан асқан, қолдарында аттестаты болмаса, өз еріктерімен білім алуға өтініш бере алады.
- Негізі, оқу қай жаста болмасын кеш емес. Кешкі мектепті аяқтағандар арасында 49 жастан асқандар да бар. Олар әртүрлі өмірлік жағдайларға байланысты бостандықта орта мектепті аяқтай алмағандар,-дейді баспасөз хатшысы.
Айта кетейік, кешкі мектепті аяқтаған 46 сотталушы-оқушының 25-і 11 сыныпты, қалғаны 10 сыныпты тәмамдады