Үнсіз әлемнің тілмашы

Ақтөбелік Әлішер Камалутдинов сегіз жылдан бері сурдоаудармашы болып жұмыс істейді. Ол есту қабілеті бұзылған жандарға дәрігер қабылдауында, мемлекеттік мекемелерде, сотта және қоғамдық шараларда көмектеседі. Маманның айтуынша, бұл салаға келуіне бала күнінен қалыптасқан ортасы әсер еткен.
Аружан СМАҒҰЛОВА
@smagulova__aruzhan
Әлішер Камалутдинов — Ақтөбедегі қалалық қазақ саңыраулар қоғамы мәдениет үйінің сурдоаудармашысы. Оның ата-әжесі есту қабілетінен айырылған жандар болған. Сондықтан ол кішкентайынан ым-ишара тілін меңгеріп, есту қабілеті бұзылған адамдардың күнделікті өмірде қандай қиындықтарға тап болатынын көріп өскен.
— Менің бұл салаға келуіме жеке өмірім себеп болды. Атама да, әжеме де адамдармен қарым-қатынас жасау оңай болған жоқ. Дүкенде, ауруханада немесе түрлі мекемелерде олардың қиналатынын көріп өстім. Сондықтан бұл мамандықты таңдадым деп айту қиын. Мен тек бала кезден істеп жүрген ісімді жалғастырдым, — дейді ол.
Әлішер ым-ишара тілін алғашында отбасында үйренген. Кейін кәсіби білімін жетілдіріп, осы салада еңбек ете бастады. Оның айтуынша, ым-ишара тілін меңгеру қиын болмаған. Ал айтылған сөзді бірден аударып, мағынасын дәл жеткізу үшін көп тәжірибе қажет.
Ол сурдоаудармашы болып 2018 жылдан бері жұмыс істейді. Оның күнделікті қызметі әртүрлі. Бірде концертте немесе мәдени шарада аударма жасаса, енді бірде ауруханада, халыққа қызмет көрсету орталығында немесе сотта жүреді. Қай жерде болмасын, басты міндеті — екі тараптың бір-бірін дұрыс түсінуіне көмектесу.
— Менің міндетім — адамның өзін дәрменсіз сезінбеуіне көмектесу. Дәрігердің қабылдауында, банкте немесе қоғамдық шарада болсын, ол айтылған ақпаратты толық түсінуі керек. Аудармашы өз тарапынан жаңа ақпарат қоспай, ештеңені өзгертпей жеткізуі тиіс, — дейді Әлішер.
Қарым-қатынас кедергілері
Маманның айтуынша, есту қабілеті бұзылған адамдар үшін ең үлкен қиындық — өзгелермен еркін қарым-қатынас жасай алмау. Мәселен, жедел жәрдем шақыру, банк қызметкеріне мәселені түсіндіру немесе мемлекеттік мекемеден қажетті ақпарат алу кезінде өзге адамның көмегіне жүгінуге тура келеді.
— Басты мәселе — байланыс кедергісі. Кейде қарапайым ғана шаруаның өзі үлкен мәселеге айналып кетеді. Сол себепті олар басқа біреудің көмегіне тәуелді болады, — дейді маман.
Әлішер қоғамда есту қабілеті бұзылған адамдарға қатысты қате түсініктер әлі де кездесетінін айтады. Кейбіреулер оларды өз бетінше өмір сүре алмайды деп ойлайды. Алайда олардың арасында еңбек етіп, кәсіп ашып, спортпен айналысып, түрлі салада жетістікке жетіп жүргендер көп. Тағы бір қате түсінік — есту қабілеті бұзылған адамдардың барлығы ерін қимылын оқи алады деген пікір. Шын мәнінде, бұл тәсіл арқылы айтылған сөзді толық түсіну қиын.
— Еріннен оқу өте қиын. Оның көмегімен сөздердің аз ғана бөлігін түсінуге болады. Сондықтан бұл толыққанды қарым-қатынас тәсілі емес. Кей адамдар есту қабілеті бұзылған жандарды ақыл-ойы төмен деп ойлайды. Бұл — үлкен қателік. Олар — өте ақылды, ашық адамдар, — дейді ол.
Сурдоаудармашының пікірінше, соңғы жылдары есту қабілеті бұзылған жандарға арналған қызметтер біртіндеп дамып келеді. Онлайн сурдоаударма мүмкіндіктері пайда болып, қоғамдық шараларға мамандар жиі шақырыла бастаған. Дегенмен шешімін күткен мәселелер де жеткілікті. Әсіресе мемлекеттік мекемелерде ақпарат алуды жеңілдетіп, тұрақты жұмыс орындарын көбейту маңызды.
Әлішердің сөзінше, есту қабілеті бұзылған адамдарға аяушылық емес, өзгелермен бірдей мүмкіндік қажет.
Ым-ишара тілінің де өз ерекшелігі бар
Көпшілік ым-ишара тілін барлық тілге ортақ деп ойлайды. Алайда әр тілде қолданылатын қимылдар мен белгілердің өзіндік ерекшеліктері бар.
— Адамдар барлық жерде бір тіл қолданылады деп ойлайды. Бұл — қате түсінік. Қазақ және орыс ым-ишара тілдерінің өзінде айырмашылық өте көп. Әліпбиі де, кейбір қимылдары да өзгеше, — дейді сурдоаудармашы.
Бұл жұмыста қол қимылымен қатар бет әлпетінің өзгерісі де маңызды. Өйткені ым-ишара тілінде адамның эмоциясы мен айтылған сөздің мәні мимика арқылы да беріледі. Сондықтан аудармашы ақпаратты жеткізгенде бет қимылын дұрыс қолдануы керек. Кейде медициналық диагноздарды, заң саласындағы күрделі ұғымдарды немесе жаңадан пайда болған сөздерді аудару қиынға соғады. Мұндай жағдайда маман ақпараттың бастапқы мағынасын сақтай отырып, оны түсінікті жеткізуге тырысады.
Ең үлкен марапат — алғыс
Әлішердің жұмысында қуанышты сәттермен қатар эмоционалдық тұрғыдан ауыр жағдайлар да кездеседі. Мәселен, ауруханада науқасқа ауыр диагноз қойылғанын немесе сотта қабылданған шешімді аударуға тура келеді. Мұндай кезде маман сабыр сақтап, ақпаратты еш өзгертпей жеткізуі тиіс.
Ал тойлар мен мәдени шараларда аударма жасау оған ерекше әсер қалдырады. Өйткені мұндай сәттерде есту қабілеті бұзылған жандардың жақындарының қуанышына ортақтасып отырғанын көреді.
— Тойларда немесе концерттерде аударма жасағанда адамдардың қуанышын көресің. Олар жақындарының қуанышына ортақтасып отырғанын байқасаң, еңбегіңнің зая кетпегенін түсінесің. Адамдар «бәрі түсінікті болды, рақмет» деп күлімсіреп тұрған кезде күнімнің бос өтпегенін сеземін. Біреуге көмегің тигенін түсіну – мен үшін ең үлкен марапат, – дейді ол.
Маманның айтуынша, сурдоаудармашы болу үшін ым-ишара тілін білу жеткіліксіз. Бұл қызмет жылдам ойлауды, жақсы есте сақтау қабілетін, төзімділік пен жауапкершілікті талап етеді. Ең бастысы, адамды түсіне білу қажет.
