«Ақбұлақ» — Бәкірдің аманаты

 Қазақ ән өнерінде өшпес із қалдырған ақын, сазгер Бәкір Тәжібаевтың тағдыры театр сахнасында қайта жаңғырды. Т. Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрында сахналанған «Ақбұлақ аға» спектакль-элегиясы қаламгердің балалық шағынан бастап, шығармашылық жолындағы қуанышы мен қиындығын, өмірінің беймәлім қырларын ашып көрсетті. Әсерлі қойылым соңында көпшілік ақынның әйгілі «Ақбұлақ» әнін әртістермен бірге шырқады.

Аружан СМАҒҰЛОВА

@smagulova__aruzhan

Өнер мен әдебиетті тоғыстырған қойылымға Т. Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының әртістері, «Аққу» би ансамблі, Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы және балалар студиясы қатысты. Қаламгердің шығармашылық мұрасына арналған «Ақбұлақ Аға» спектакль-элегиясының авторы Орал-Қосай Байсеңгір ақын Бәкір Тәжібаевтың шығармашылығы халық жадында мәңгі сақталатынын жеткізді.

— Халыққа әндерімен жақын болған бір адам болса, ол – Бәкір Тәжібаев. Бәкір ағамыз – ақын, сазгер, драматург, жазушы, әрі актер. Оны әлі талай қырынан зерттейміз деп ойлаймын. Қойылымда Бәкір Тәжібаевтың шығармалары орындалады. Спектакль-элегияның режиссерлері — Сайлау Қамиев және Ақниет Жақсығали. Сахнада ақынның балалық шағы, ата-анасы, өскен ортасы, жазықсыз жала жабылған сәттері, өмірінің шуақты кезеңдері суреттеледі. Ақбұлақ әнінің теңдесі жоқ туынды екенін айқындайтын қойылым болмақ. «Ақбұлақ аға» кітабына қаламгердің 8 драмалық шығармасымен қатар өз туындыларым, замандас ақын-жазушылардың Бәкір ағамыз жайлы пікірлері басылды, — деді ол.

Спектакльді тамашалауға Бәкір Тәжібаевтың ұлы Жасұлан Бәкірұлы да келіп, ақтөбеліктерге алғысын білдірді.

— Өмірде екі арманым бар еді. Бірі — әкемнің ескерткішін туған жері Ақтөбеден көру. Бұл әрі анамның аманаты болатын. Көптен бері әкеміздің туындыларының жинағы жарық көрмеп еді. Міне, бүгінде Орал ініміздің «Ақбұлақ аға» атты кітабы жарық көрді. Кітапта әкеміздің драмалық шығармалары бар. Бұрын баспа бетін көрмеген пьесалары да басылыпты. Орал інім осылайша екінші арманымды орындады, — деді Ж.Бәкірұлы. 

Көрермен сахна шымылдығы түрілгеннен-ақ ана мен бала Бәкірдің арасындағы сүйіспеншілікке куә болды. Бәкірді өнерге баулыған, жол көрсеткен анасы екенін осы сахнадан-ақ ұғынуға болады. Алайда жанына жалау болған аяулы анасынан айырылу Бәкірге ауыр соққы болып тиді. Анасының мәңгі оралмас сапарға аттанғанын естіп, ақ орамалын құшақтап жылаған бала бейнесі көпшіліктің жанарына жас үйірді.

Бала Бәкір ержетіп, жігіттік шаққа қадам басады. Енді ол арман қала Алматыға сапар шегіп, болашағының кірпішін қалайды. Спектакльде Бәкір және оның өнердегі достары, замандастары ақын болмысын одан әрі аша түсті. Себебі бұл қойылымда Бәкірмен қатар Ізтай Мәмбетов пен Ескендір Хасанғалиев сынды кейіпкерлер болды. Жалындап тұрған жастар бірінің сөзін бірі іліп әкетіп, әннен шашу шашып, әзілмен қағытып, сахнаның сәнін келтірді. Осы бір албырт шақта кейіпкерлер аяулы сезімді бастан кешіреді. Бәкір ақын болашақ жары Сапаргүлді жолықтырып, сезімге толы шақты бастан өткереді. Жігіттер мен қыздар жағы әнмен, өлеңмен айтысып, тырнақалды туындыларын ортаға салды.

Спектакльде ақынның жары Сапаргүл ерекше қырынан көрінді. Сапаргүл отбасының ұйытқысы, аяулы жар ғана емес, жұбайы Бәкір сияқты  шығармашылыққа жақын, ақынжанды, жаны нәзік әйел бейнесінде танылды. Қаламгердің алаңсыз шығармашылықпен айналысуына жағдай жасап, қабағын бағып, қолдауын аямаған барша ақынның жарлары осы Сапаргүлдің образынан көрінгендей болды.

— ... Бірде Шәмші Қалдаяқовтан «Сіз сондай керемет әндерді жазасыз, бірақ неге өлең айтпайсыз» деп сұрапты. Сонда Шәмші ағамыз: «Жоқ, мен ән де, өлең де айтамын» деп жауап береді. «Онда сіздің айтқаныңызды көрмедік қой» дегенде, ағамыз «Мен әнді ішімнен айтамын» депті. Сол сияқты қаншама ақын-жазушылардың өмір бойы жағдайын жасап, отбасының ұйытқысы болып отырған жұбайлары ән-өлең айтпайды дегенге кім сенеді? Бәкір ағамыз үшін ең алғаш оның өлеңдерін оқыған, тыңдаған, баға берген – өзінің аяулы жары Сапаргүл Абызбаева. Ол кісінің ән айтпағанын жұрт біледі. Бірақ осы қойылым арқылы Сапаргүл апамыздың, басқа ақын-жазушылардың әйелдерінің ішіндегі үнді сыртқа шығарғым келді, — дейді Орал-Қосай Байсеңгір.

Спектакльде Сапаргүл күйеуіне ілесіп, өлең оқып, ән айтады. Жалпы қойылымда ақынның «Әлия», «Іңкәрім-ай», «Ақбұлақ», «Сағындым сені» атты әндері шырқалып, есті әндер қайта жаңғырды.

 — Өте әсерлі спектакль болды. Бұл – театрдағы, сахнадағы алғашқы қойылымым. Сондықтан өте қатты қобалжыдым. Өз рөлімді жақсы алып шықтым деп ойлаймын. Ақынның жары Сапаргүл өте сыпайы, байсалды жан болған. Ол өмір бақи Бәкір ағамыздың жағдайын жасаған. Дайындыққа 1 жарым ай уақыт кетті. Поэзия оқу қиынға соқты, — деді Ғ. Жұбанова атындағы облыстық филорманияның  әншісі, Сапаргүл рөліндегі Мерей Самұрат. 

Сахнада ақын өміріндегі шуақты күндермен қатар шығармашылық жолындағы қиын сәттер, жазықсыз жала жабылған кезеңдер де көрініс тапты. Күллі қазақтың әнұранына айналған «Ақбұлақ» әнін Сегіз Серіден ұрлап жазып алған деген қауесет әңгіме тарайды. Ақынның шығармашылығын жоққа шығаратын жалған, алып қашпа әңгімелер мұнымен тоқтап қалмады. Үнемі жазықсыз жабылған жала ақынның шығармашылығымен қатар денсаулығына да әсер етті. Рухани азап шеккен ақынның денсаулығы сыр беріп, қант диабетіне шалдығады. Көп ұзамай көзі де нашарлап, қара көзілдірік таққан.

— Өте қиын рөл болды. Өмірден өткен адамның образынан гөрі қолдан жасалған, кітаптағы кейіпкерді алып шығу оңай. Себебі ол адамды ел-жұрт таниды, өткенін, өмірін біледі. Бәкір ағамыз жүрегі өте кең адам болған екен. Бәкір аға екеуміздің ұқсастығымыз жер мен көктей сияқты, — деді Т. Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының әртісі, Бәкір рөліндегі Шыңғыс Тельманов.

Спектакль соңында жұбайы Сапаргүлдің рөлін сомдаған Мерей Самұрат «Әлия» әнін шырқады. Қойылымның өзегіне айналған «Ақбұлақ» әнін әртістермен қатар көрермен де қосыла айтты. Спектакльдің көрерменге ерекше әсер еткені соншалық «Ақбұлақ» әнінің қайырмасы бірнеше қайтара шырқалып, жұрттың ыстық ықыласына бөленді.

    Айта кетелік, облыс орталығында  ақын, композитор, драматург Бәкір Тәжібаевтың туғанына 100 жыл толуы кеңінен аталып өтті. Мерейтой аясында тарихи тұлғаға арналған  ескерткіш-мүсін ашылып, концерттік шара өткізілді.

      Бәкір Тәжібаев – Ақтөбе өңірінен шыққан қазақ өнерінің көрнекті өкілдерінің бірі. Оның өлеңдері, әндері мен драмалық шығармалары ұлттық мәдениетіміздің рухани қазынасына айналды. «Ақбұлақ», «Туған жер»,   «Гүлсің-ау», «Іңкәрім» және басқа да әндері бүгінге дейін сахнада орындалып, тыңдарман ықыласына бөленіп келеді. Қаламгер қазақ драматургиясына да елеулі үлес қосты. Оның «Сал сері – Қыз қосан», «Ана жүрегі», «Қарагөз қарындасым», «Ақтау әні» пьесалары театр сахналарында қойылды. Сондай-ақ Бәкір Тәжібаев  Нығымет Баймұхамбетовпен бірлесіп, композитор Еркеғали Рахмадиевтің «Қамар сұлу» операсына либретто жазды.

Өнер
11:39, 23 октябрь 2026
69
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив