Паллиативті бөлімше: Үміт пен тағдыр тоғысқан мекен
Ақтөбедегі қатерлі ісікке шалдыққандарға күтім жасайтын паллиативті бөлімшеде қазір 40 науқас жатыр. Мұндағылардың басым бөлігі - өкпе, асқазан - ішек жолдарының обырына шалдыққан. Олардың ең жасы 40-тан асқан. Дәрігерлер әсіресе, өкпе обыры “жасарып” бара жатқанын айтады.
Назгүл ӘБЕТОВА
kerekinfoaktobe@gmail.com
Паллиативті бөлімше – М.Оспанов атындағы БҚМУ Медицина орталығының бесінші қабатында орналасқан. Уақыттың қадірі ерекше сезілетін жерде дерттің азабын жеңуге тырысып жатқандардың өмірі үмітке толы. Бірі терезеге телміріп, жақынын асыға күтсе, енді біреулері қасында күтім жасап отырған туғанымен өткізген әр сәтті бағалайды. Дәрігердің берген емімен ауырсынуды басып, тыныш ұйқыны қалайтындар да бар. Төсекке таңылған науқастарға күндіз-түні мейірбикелер күтім жасайды. Бұларға медициналық , әлеуметтік көмекпен қатар психологиялық қолдау да қажет.
Дәрігер Мая Әлібекованың айтуынша, бөлімшеге арнайы емнен нәтиже болмай, дерті асқынған жағдайда мультидисциплинарлық топтың шешімімен түседі. Былайша айтқанда, отаға, сәулелік терапия мен химиялық терапияға жарамайтындар жатқызылады. Осыдан 12 жыл бұрын ашылғанда 20 кереует болған. Бүгінде кереует саны 40-қа жетті. Қазір орын толық.
- Паллиативті бөлімшенің хоспистен айырмашылығы, мұнда тек онкологиямен сырқаттанғандар өмір сапасын жақсарту үшін жатқызылады. Дәрігер үнемі бақылап, мейірбикелер күтім жасайды. Әр науқастың ауруының болжамы әртүрлі. Жасыратыны жоқ, ауыр жағдайда түсіп, өмірінің соңын осында өткізетіндер де бар. Бөлімшеде жатқандардың ең жасы 40-45-те. Бұл қазіргі уақытта қатерлі ісіктің жасырын формаға көшуімен байланысты. Адам ауырып жүргенін бастапқыда байқамайды. Науқастармен сөйлескенде арықтау, тамаққа тәбеті тартпау, өзін әлсіз сезіну сияқты қатерлі сигналдардың болғанын айтады, - деді онколог-дәрігер Мая Әлібекова.
Мұнда жатқандардың басым бөлігі – өкпе, асқазан - ішек жолдарының қатерлі ісігіне шалдыққанын айттық. Оның ішінде қан кетіп түсіп жатқандар да бар. Мамандарды өкпе рагінің “жасарып” бара жатқаны алаңдатып отыр. Өкпе обырынан қайтыс болатындар саны бүкіл әлемде көбейіп келеді.
Биыл 20 жастағы студент өкпе обырымен түсіп, ем қабылдаған. Ол дертті асқынған кезде бір-ақ білген.
- Бөлімшеде өкпе обырымен студент қыз бала жатты. Қасында күтім жасап анасы отырды. Асқындыру себебі- тыныстың жеткіліксіздігі болды. Басында ентігумен басталған, кейін үздіксіз жөтел пайда болған. Өзі 2, 3 қабатқа көтерілгенде ентігетінін айтты. Өкінішке қарай, өкпесінде су жиналды. Жазда осындай жағдаймен 2002 жылы туған жас жігіт те түсті. Бұл жағдайлар өкпе обырының жасарып бара жатқанынын көрсетеді, - деді онколог.
Емнен бұрын мейірім қажет
Дәрігерлер мен мейірбикелер қиын сәтте науқастың жанынан табылғанымен, жақынының қолдауы аса маңызды екенін айтады. Өйткені адам өзін жалғыз сезініп, салы суға кетпеуі керек. Жылы сөз оның көңілін жұбатып, өмірге деген құлшынысын арттырады. Кейбір науқастар жақындары болмағандықтан, өмірінің соңына дейін осы жерде қалуға мәжбүр.
- Біз мұндағыларға барынша көмектесуге тырысамыз. Дегенмен жылуды жақындарынан күтеді. Мұндағылар өздерінің диагнозымен моральдық тұрғыдан келіскендер деп ойлаймын. Паллиативті бөлімше деген атаудан шошитындар бар. Бұл жердегілердің бәрі өмірінің соңғы күндерін өткізіп жатыр деу қате. Себебі орташа ауырлықта үйіне шығып кететіндер де бар. Кейбір науқастардың жақындары болмайды. Сондықтан ұзақ тұрақталып қалады. Жақындары бола тұра, үйіне алып кетуден бас тартатындар кездеседі. Олар үй жағдайында көмек көрсете алмаймыз дегенді айтады. “ Егер тыныс жеткіліксіздігі, ентікпе басталса қалай көмектесеміз?,- деп қиналады. “Түбі өлемін ғой”- деп, емнен бас тартып, өз жағдайын қиындататындар да бар, -деді ол.
Бұл бөлімшеде ауырсынуды жеңілдететін дәрі-дәрмек, күтімге қажетті құралдар жеткілікті. Емдеу тегін. Айта кетейік, паллиативті бөлімшеде былтыр 830 науқас ем қабылдаған
Мобильді бригада жетіспейді
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, паллиативті көмек көрсетудің үш түрі бар. Біріншісі - хоспис. Онда науқастар өмірінің соңына дейін тұрып, көмек алады. Екіншісі- аурухана жанындағы арнаулы бөлімшелер. Ол жерде науқастар уақытша жеткізіледі. Ал кейбірі келіп кетіп ем-дом алады. Үшінші түрі - мобильді бригадалар. Онкологияға шалдыққан науқастарға мобильді бригада да қолжетімді. Ақтөбеде бір ғана мобильді бригада жұмыс істейді..Олар бөлімше дәрігерлерімен үнемі байланыста болады. Бөлімше дәрігері Мая Әлібекова бір ғана бригада Ақтөбе үшін аздық ететінін жеткізді. Әсіресе нақастарға кешке қарай мобильді бригада шақыру қиынға соғады.
- Бригада таңғы 09:00-ден кешкі 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Кей жағдайда науқастар кезек күтіп қалады. Ауырсынуы кешке қарай басталса, тіпті қиын. Сондықтан тағы қосымша мобильді бригада болса, артық етпес еді, - деді маман.
Палииативті бөлімше- медициналық көмек көрсетумен ғана шектелмейді. Ауыр дертпен арпалысқан жандардың өмір сапасын жақсартуға, жан азабын жеңілдетуге септігін тигізеді.
Ақтөбе облысында қатерлі ісік диагнозымен 10 мыңнан астам адам диспансерлік есепте тұр. Биыл 9 айдың ішінде обырдан 318 адам қайтыс болған.

