Мас күйінде көлік айдасаң 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырады
Енді 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырады
Бұрынғы әкімшілік заңнамада мас күйінде көлік жүргізгендер 3 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылса, 2020 жылы күшіне енген жаңа заңнама бойынша осындай құқық бұзушылық жасаған жүргізушілер 7 жыл көлік жүргізе алмайды. Оған қоса 15 тәулікке қамауға алынады.
Егер мас жүргізуші жол-көлік оқиғасы салдарынан екінші бір тарапқа материалдық шығын келтірсе тағы да 5 тәулікке қамалады. Ал, жүргізуші құқығынан айырыла тұра, рульге отырған адам 5 жылға сотталып, өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айырылады. Жол-көлік оқиғасында адам өлімі болса мас жүргізуші 7 жылға, егер құрбандар көп болса 10 жылға дейін сотталады.
Заңнамадағы қатаң шараларға қарамастан, осындай заң бұзушылықтар жасау деректері әлі де жалғасып отыр дейді ПД баспасөз қызметі. Мысалы, патрульдік полиция қызметкерлері 5 маусымда Қ. Оспанов көшесі бойында "ВАЗ-21214" автокөлігін ұстап, осы автокөліктің 45 жастағы жүргізушісінің бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылғанын және автокөлікті мас күйінде басқарғанын анықтаған.
Сол күні полиция қызметкерлері Ә.Молдағұлова даңғылында 36 жастағы жүргізушінің басқаруындағы "ВАЗ-21110" автокөлігін тоқтатып, бұрын көлік құралын басқару құқығынан айырылғанын және көлік құралын мас күйінде басқарғанын біледі.
Екі факті бойынша ҚР ҚК 346-бабының 1-бөлігі бойынша тергеу әрекеттері жүргізілуде. Автокөліктер арнайы тұраққа қойылған. Ал жүргізушілер Ақтөбе қаласының ПБ уақытша ұстау изоляторына қамалды.