Ақтөбе облысында ескі мектептер қайта жаңартылып жатыр
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде жаңа мектептер салу және қолданыстағы білім беру ұйымдарын жаңарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ескі ғимаратта орналасқан көптеген оқу орындары кезең-кезеңімен реновациядан өтіп, ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізілуде, материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Сонымен қатар, үш ауысымды оқытуды жоюға және апатты жағдайдағы мектептерді алмастыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылып, оқушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасы қалыптастырылып жатыр.
Облыс әкімі Асхат Шахаров былтыр күрделі жөндеуден өткен бірқатар оқу орнын аралап көрді. Атап айтқанда, ол Ғ. Ақтаев атындағы №6 мектеп-гимназияда және І. Есенберлин атындағы №15 орта мектепте болды. Ғ. Ақтаев атындағы №6 мектеп-гимназиясы 1978 жылы салынған және сол уақыттан бері үздіксіз білім беру мекемесі ретінде жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда мұнда 1562 оқушы білім алуда. Мектепте 157 мұғалім қызмет етеді. 025 жылы мектепте «КварцСпецсервис» ЖШС мердігер ұйымы тарапынан күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеу аясында аумақты абаттандыру, ғимараттың қасбетін жөндеу және ішкі жұмыстардың бір бөлігі орындалды.
- Мектеп ғимаратының қасбеті толық жаңартылып, 12 апатты бағана нығайтылды. Аула аумағына тас төсемдер төселіп, абаттандырылды. 27 оқу кабинетінде еден, төбе және жарықтандыру жүйелері жөнделді, бірінші қабат пен асхананың едендері толығымен жаңартылды. Спорт және акт залдары жөнделіп, қосымша дәліз салынды. Жабдықтауға да ерекше көңіл бөлінді: химия, биология және робототехника кабинеттері жабдықталды, асханадағы жиһаз бен құрал-жабдықтар жаңартылды, парталар мен оқу жиһаздары ауыстырылды, информатика кабинеті мен кітапхана жабдықталды, интерактивті панельдер орнатылды. Күрделі жөндеуге 285,65 млн теңге бөлініп, қосымша 56 млн теңге заманауи жабдықтар сатып алуға бағытталды», – деді мектеп директоры Жания Романова.
Асхат Шахаров жаңартылған оқу кабинеттерін, мамандандырылған сыныптарды, асхананы аралап, педагогтермен және сенбі күні үйірмелерге қатысатын оқушылармен жүздесті.
- Балалардың қауіпсіз әрі жайлы жағдайда білім алуы біз үшін өте маңызды. Мектептерді реновациялау – жүйелі түрде жүргізілетін жұмыс. Біз алдағы уақытта да ескі ғимараттарды жаңартып, мектептерді заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, әрбір бала сапалы білім ала алатын орта қалыптастырамыз», – деді облыс әкімі.

