Алдын алу шараларына бағытталған жұмыстар нәтижелі
Халықаралық жастар күніне орай облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу жөніндегі орталық мамандары қаладағы Триатлон саябағында тұрғындар мен спортшылар арасында алдын алу шараларына байланысты арнайы шара өткізді. Шараның мақсаты- АИТВ-инфекциясы туралы көпшілікке ақпарат беру. Аурудың алдын алу шараларын түсіндіру және қоғамдғы стигманы азайту.
Алдын алу шараларына бағытталған жұмыстардың нәтижесінде биыл облысымызда АИТВ-инфекциясының жаңа жағдайларының саны 26% - ға төмендеді. Алдын алу шараларын күшейту арқылы оң динамикаға қол жеткізілді. Осы жылдың алты айында аймақта 23 жаңа жағдайы анықталды.Ал,өткен жылдың сәйкес кезеңінде АИТВ 31 адамнан анықталған болатын. Халықты тестілеумен қамтудың, ауруды ерте анықтаудың және емдеуді уақтылы тағайындаудың нәтижесінде оң динамикаға қол жеткізілді. Жыл басынан бері облыстың 116 мың тұрғыны АИТВ-ға тексеруден өтті. Сонымен қатар, аймақта халықтың әртүрлі топтарымен профилактикалық жұмыс жалғасуда. Бұл жұмысқа мемлекет пен халықаралық әріптестердің қолдауымен әлеуметтік жобаларды іске асыратын қоғамдық ұйымдар белсенді тартылуда. Бүгінде облыста үкіметтік емес ұйымдардың алты жобасы іске асырылуда. 2026жылғы Ақтөбе облысында жастардың арасында АИТВ –инфекциясы туралы хабардарлығын арттыру туралы мемлекеттік тапсырыс аясында осы уақыт аралығында жастар арасында профилактикалық жұмыс шеңберінде АИТВ инфекциясы, оның берілу жолдары және алдын алу шаралары туралы білім деңгейін арттыруға бағытталған кешенді ақпараттық-ағартушылық жұмыстар жүргізілді. Есепті кезеңде 314 ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы (АТІ) өткізілді. Жастарға АИТВ инфекциясынан қорғану тәсілдері, өз денсаулығына жауапкершілікпен қараудың маңыздылығы және уақтылы тестілеуден өтудің қажеттілігі туралы қолжетімді әрі түсінікті ақпарат беруге ерекше көңіл бөлінді.
Жастардың ақпараттану деңгейін зерделеу және ең өзекті мәселелерді анықтау мақсатында 115 адам қатысқан әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Сауалнама қатысушылардың АИТВ инфекциясы туралы хабардарлық деңгейін бағалауға, білімдегі олқылықтарды анықтауға және одан әрі түсіндіруді қажет ететін тақырыптарға назар аударуға мүмкіндік берді.
Жүргізілген жұмыс барысында жастар арасында профилактикалық бағыттағы ақпараттық материалдар да таратылды. Материалдарда АИТВ инфекциясы, оның берілу жолдары, алдын алу әдістері және тұрақты түрде тестілеуден өтудің маңызы туралы өзекті ақпарат ұсынылды.
Жүргізілген жұмыс жастар арасында АИТВ инфекциясының алдын алу мәселелері бойынша жүйелі ақпараттандырудың маңыздылығын көрсетті. Мұндай іс-шаралар денсаулыққа жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға, АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты стигма мен кемсітушілік деңгейін төмендетуге, сондай-ақ шынайы әрі сенімді ақпараттың қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.
Осылайша, екі ай ішінде профилактикалық жұмыстардың елеулі көлемі атқарылды: 314 ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылып, ақпараттық материалдар таратылды. Жастардың хабардарлық деңгейін одан әрі арттыру және өз денсаулығына қамқорлық жасау мәдениетін қалыптастыру мақсатында бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.
Алтынай Есетқызы
Облыстық АИТВ-инфекциясының
алдын алу орталығы бөлім
меңгерушісінің міндетін атқарушы
