Ақтөбеде белсіз еркектер көбейді
Бүгінде ерлер арасында белсіздік пен жыныстық жолмен берілетін аурулар көбейген. Бұған бейберекет жыныстық қатынас, артық салмақ пен дұрыс тамақтанбау себеп. Дәрігердің қабылдауына дәл осындай мәселемен бір айда кемінде 100-ге жуық ер адам келеді. “Керек info” тілшісі 5 жылдан бері уролог-андролог дәрігер ретінде еңбек ететін Бахадыр Бақтиярұлымен жыныстық сауаттылық пен ерлер денсаулығына қатысты маңызды мәселелер жөнінде тілдескен еді.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
Қазақстанда ерлер денсаулығы -өзекті мәселелердің бірі. Алайда ер адамдардың басым бөлігі қазақы менталитетке сүйеніп, дәрігерлердің алдына өз бетімен келе бермейді. Ерлі-зайыптылар денсаулықтарында бедеулік пен ұрпақ өрбітуге қатысты проблемалар болғанда, дәрігерге баруды кейінге қалдырмаған жөн. Уролог-андролог Бахадыр Бахтиярұлының айтуынша, ауруды дер кезінде анықтап, дұрыс ем қабылдаса, оның алдын алуға немесе емдеуге мүмкіндік бар.
-Көпшілік урологты тек ер адамдардың дәрігері деп қабылдайды. Урология – ерлер мен әйелдердің несеп-жыныс жүйесіне қатысты ауруларды қамтитын медицина саласы. Ал андрология негізінен ерлердің репродуктивтік және жыныстық денсаулығына бағытталған.Сондықтан бүйрек, несеп жолдары немесе басқа да урологиялық мәселелер мазаласа, урологқа қаралуға болады. Ал жыныстық функцияның бұзылуы, ұрық сапасының төмендеуі, ерлер бедеулігі, тестостерон деңгейі және репродуктивтік мәселелер кезінде андрологтың кеңесі қажет.Ер адамдар урологқа баруға ұялады. Бірақ денсаулыққа қатысты мәселені кейінге қалдырудың қажеті жоқ, – дейді дәрігер.
Белсіздік емделеді. Дәрігердің айтуынша, клиникаға бала жоспарлау және бедеулік мәселесімен жүгінетін ер адамдар көп.
-Қабылдауыма күніне кемі 5-6, айына 80-100-ге жуық пациент келеді. Ер адамға үйленбей тұрып-ақ, репродуктивтік денсаулығын тексеріп алғаны жөн. Ұрықтың сапасын, жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды және басқа да көрсеткіштерді анықтау болашақта туындауы мүмкін мәселелердің алдын алуға көмектеседі.Ал ерлі-зайыпты бір жыл бойы тұрақты жыныстық қатынасқа түсіп, жүктілік болмаса, тек әйел адамды емес, ер адамды да міндетті түрде тексеру қажет. Бедеуліктің себептері әртүрлі болады. Кейбірі туа біткен болса, енді бірі жүре пайда болады. Генетикалық ерекшеліктер, жыныс мүшелерінің дамуындағы ақаулар, гормондық өзгерістер, инфекциялар және ұрық жолдарының бітелуі ер адамның репродуктивтік қабілетіне әсер етуі мүмкін.
Егер ерлі-зайыптылар бір жыл бойы бала сүйе алмаса, уақыт жоғалтпай дәрігерге қаралу керек.Ұрықтың сапасын, жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды анықтап, қажет болса алдын ала ем қабылдау маңызды, — дейді маман.
Жыныстық жолмен берілетін инфекциялар. Дәрігердің сөзінше, ерлер бедеулігі анықталған жағдайда бір ғана емдеу тәсілімен шектелмейді. Ұрық сапасы орташа деңгейде төмендегенде өмір салтын өзгерту, қажетті дәрумендер мен дәрігер тағайындаған ем арқылы көрсеткіштерді жақсартуға болады. Ал ұрық жолдары бітеліп қалған жағдайда хирургиялық ем қолданылуы мүмкін.Жыныстық жолмен берілетін инфекциялар ерлердің репродуктивті денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Хламидиоз, трихомониаз, микоплазмоз және гонорея секілді инфекциялар дер кезінде анықталып, емделмесе, асқынуға әкеледі.Соның ішінде жиі кездесетін хламидиоз инфекциясы жыныс жолдарында қабыну процесін туындатып, ұрық жолдарының зақымдануына немесе бітелуіне себеп болуы ықтимал. Мұндай жағдай ер адамның ұрпақ өрбіту қабілетіне әсер етуі мүмкін. Ұрық сапасы өте төмен болған кезде гормондық ем де қолданылуы мүмкін. Ең маңыздысы – дәрі-дәрмекті өз бетінше қабылдамау. Ер адам алдымен тексеріліп, мәселенің нақты себебін анықтағаны дұрыс. Себеп жойылғаннан кейін ғана қосымша дәрумендер мен басқа да ем түрлері қарастырылады.
Маманның сөзінше, ер адамның репродуктивтік денсаулығына тек аурулар ғана емес, күнделікті өмір салты да ықпал етеді. Дәрігер стресс, артық салмақ, дұрыс тамақтанбау, газды сусындарды шамадан тыс пайдалану және ұйқының жеткіліксіздігі сияқты факторларға назар аударуға кеңес береді.Рационда мырышқа бай асқабақ дәні, теңіз өнімдері, сүт өнімдері секілді пайдалы тағамдардың болғаны дұрыс. Дегенмен тағам мен дәрумендер кез келген ауруды өздігінен емдей алмайды. Дәрігер ер адамдарға кездейсоқ жыныстық қатынастан сақтануға және қорғану құралдарын пайдалануға шақырады. Себебі жыныстық жолмен берілетін инфекциялар ұзақ уақыт бойы байқалмай, кейін репродуктивтік жүйеге әсер етуі мүмкін.Сондықтан жыныстық сауаттылықты арттыру – бедеуліктің ғана емес, көптеген инфекциялық аурулардың алдын алудың маңызды жолы.Урологтың бақылауы ер бала дүниеге келген кезден басталғаны жөн. Алғашқы тексеруде дәрігер ең алдымен аталық бездердің өз орнында орналасуын бағалайды.Кейде аталық без шап аймағында орналасуы немесе жоғары көтеріліп тұруы мүмкін. Мұндай жағдайда бала белгілі бір уақыт бақылауда болады. Қажет болған кезде хирургиялық ем жасалады. Маманның айтуынша, аталық бездің қалыпты орнына түсуіне қатысты мәселені тым кешіктірмей шешу маңызды.Ата-аналар бұл белгілерді байқамай немесе уақыт өткізіп алуы мүмкін. Сондықтан нәрестені жоспарлы медициналық тексеруден өткізуге мән берген жөн.
Жыныстық дамудың маңыздылығы. Дәрігер жасөспірімдерге жыныстық жетілу кезінде ерекше мән беріп, денсаулығына көңіл бөлудің маңызды екенін айтады.
-Жасөспірім шақта баланың жыныстық дамуына ерекше назар аудару қажет. Әсіресе 9-14 жас аралығында жыныстық жетілу белгілері байқала бастайды.Дәрігер түктің шығуы, жыныс мүшелерінің дамуы және басқа да өзгерістерді бақылаудың маңызына тоқталды. Егер жыныстық жетілу белгілері уақытында байқалмаса, маманға қаралу керек.Кей жағдайда гормондық көрсеткіштерді тексеріп, қажетті ем жүргізуге болады. Жасөспірімдерде түнгі поллюцияның пайда болуы да жыныстық жетілудің қалыпты белгілерінің бірі. Бұдан қорқудың қажеті жоқ.
-Ер адамдарда жиі кездесетін мәселелердің бірі – варикоцеле, яғни аталық без маңындағы веналардың кеңеюі. Ол веналық жүйенің ерекшелігіне байланысты болуы мүмкін және кей жағдайда ауыр физикалық күш түскеннен кейін байқалады. Уақытында емделмеген варикоцеле аталық бездің көлеміне және ұрық сапасына әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ аталық без аймағындағы ісіну, ауырсыну немесе басқа да өзгерістер байқалса, оны «суық тигеннен болды» деп өздігінен емдеуге болмайды. Дәрігер тексеруі қажет,-дейді Бахадыр Бақтиярұлы.
Уролог-андролог соңғы кезде жиі айтылып жүрген вазэктомия әдісіне қатысты да өз көзқарасын білдірді.
-Қазір ерлер арасында вазэктомияға қатысты қызығушылық артып келеді. Бұл – ұрық шығаратын түтіктерді хирургиялық жолмен үзу немесе байлау арқылы жасалатын контрацепция әдісі.Бұл кезде ер адамда шәует бөлінуі сақталады, алайда оның құрамында сперматозоидтар болмайды. Кей жағдайда кейін қайта қалпына келтіру операциясын жасауға болады. Алайда вазэктомияны толықтай «қайта қалпына келетін контрацепция» деп қабылдауға болмайды. Операциядан кейінгі қалпына келтіру мүмкіндігі уақыт өткен сайын төмендеуі мүмкін және нәтиже әр адамда әртүрлі болады.Сондықтан мұндай шешімді қабылдамас бұрын дәрігермен кеңесіп, болашақтағы бала тууға қатысты жоспарларын мұқият талқылау қажет.
Жыныстық функциядағы өзгеріс. Уролог-андрологтың айтуынша, ер адам өз денсаулығына бейжай қарамауы керек. Жыныстық функциядағы өзгеріс, ауырсыну, ісіну, зәр шығарудың қиындауы, ұрық сапасына қатысты күмән немесе бала сүюге байланысты мәселе байқалса, дәрігерге жүгінуді кейінге қалдырмаған жөн.Ерлер денсаулығы туралы ашық сөйлесу – ұялатын нәрсе емес.Керісінше, дер кезінде тексерілу көптеген мәселенің алдын алуға мүмкіндік береді.
-Эректильді дисфункцияның да емі бар.Ер адамның жыныстық мүшесінің жеткілікті қатаймауы немесе эрекцияның мүлдем болмауы да емдеуді қажет ететін медициналық мәселе. Алдымен консервативті емдеу тәсілдері қолданылады. Егер олар нәтиже бермесе, кейбір науқастарға арнайы импланттар қолданылуы мүмкін. Үш компонентті протездердің бірі жыныс мүшесінің ішіне, екіншісі ұма аймағына орналасып, арнайы сұйықтық жүйесі арқылы жұмыс істейді. Арнайы помпа арқылы эрекция жасалады және кейін қайта босатылады. Бір компанентті имплантта 24/7 бір қалыпта болады.
P.S. Бедеулік – тек әйел адамға қатысты мәселе емес. Бала жоспарлау кезінде ер адамның да денсаулығын тексеру маңызды. Уақытында анықталған себеп – уақытында басталған ем. Ұялатын емес, денсаулыққа жауапкершілікпен қарайтын мәселе.
Бүгінде Ақтөбе облысында 1529 әйел бедеулікпен есепте тұр. Оның 87сі - ер факторымен байланысты, яғни әйел тарапынан бедеулікке себеп анықталмаған. Алайда бұл нақты статистика емес.Шындығында ерлер арасындағы белсіздік бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені бедеулік бойынша диспансерлік есеп негізінен әйелдер арасында жүргізіледі. Медицина ғылымдарының кандидаты, облыстың бас репродуктологы Светлана Есенаманованың айтуынша, ер факторымен байланысты бедеуліктің үлесін облыста жыл сайын экстракорпоралдық ұрықтандыруға (ЭКҰ) жіберілетін пациенттердің көрсеткіштері де аңғартады. Жыл сайын облыстан ЭКҰ-ға шамамен 311–319 өтінім түседі. Соның ішінде шамамен 45–50%-да ер адамның спермограммасында патологиялық өзгерістер анықталып, қосымша ИКСИ әдісін қолдану қажет болады.
