Ақтөбеде цифрлық фонтан орнатылды
Ақтөбе қаласындағы Әбілқайыр хан даңғылы бойында, жаңа цифрлық фонтан пайда болды. Қазіргі уақытта нысан сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта оның айналасы абаттандырылып, тұрғындардың демалысына арналған қоғамдық кеңістікке айналады. Қараусыз қалған аумақ абаттандырылады.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
Фонтан орналасқан аумақ ұзақ жылдар бойы жеке меншікте болған. Сот процестерінен кейін жер телімі биыл қала меншігіне қайтарылды. Қала әкімі Азамат Бекеттің қоғамдық кеңістік құру туралы бастамасын «Oil West» компаниясы қолдап, абаттандыру жұмыстарын өз қаражаты есебінен жүргізуге кіріскен.Ол жобаға қолдау білдіріп, аумақты абаттандыруға атсалысқан компания өкілдеріне алғыс айтты. Сонымен қатар күн суытқанға дейін фонтанды қысқы кезеңге дайындау қажеттігін атап өтті.
Су арқылы өрнектер мен жазулар бейнеленеді
Жаңа цифрлық фонтанның басты ерекшелігі – су ағындары арқылы түрлі өрнектерді, әріптерді, жазулар мен логотиптерді бейнелеу мүмкіндігі. Электронды басқару жүйесімен жабдықталған арнайы форсункалар мен жарықдиодты шамдар су композицияларын әртүрлі қалыпта көрсетуге мүмкіндік береді. Фонтанның бағдарламасын әлі де жетілдіреміз.
Бүгін оны сынақ режимінде іске қостық. Ең бастысы, тұрғындарға ұнаса екен, – деді «Oil West» ЖШС-нің жауапты өкілі Нұрболат Матаев.
Аумақтың келбеті өзгереді
Жоба аясында фонтаннан «Ақтөбе» қонақүйіне дейінгі 0,47 гектар жер абаттандырылады. Мұнда жасыл желектер отырғызылып, суару жүйесі орнатылады. Сондай-ақ өрнекті кеспетас төселіп, аумаққа жарықтандыру шамдары, орындықтар және демалысқа арналған өзге де жабдықтар қойылады. Компания өкілдерінің мәліметінше, биылғы негізгі жұмыстар фонтанды орнату мен оның айналасын абаттандыруға бағытталған. Ал келесі жылы жобаны жалғастырып, аумақты толық көркейту жоспарланып отыр. Осылайша, ұзақ уақыт қараусыз жатқан жер қала тұрғындары мен қонақтарына арналған қоғамдық кеңістікке айналмақ. Цифрлық фонтан мен жаңартылған аумақ Ақтөбе орталығындағы жаңа демалыс орындарының бірі болуы мүмкін.


