Ақтөбе облысы 25 мың гектардан астам аумақты алып жатқан қорықтан айырылып қалды
2023 жылы Ақтолағайдың айналасында ені 11 шақырым болатын қорғау аймағын құруға уәде берілген еді. Алайда қашықтықты өлшеу үшін бастапқы нүкте ретінде «Оңтүстік Ақтолағай үстірті» қорғалатын аумағы емес, белгісіз бір тау жотасы алынған. Енді бірегей табиғи ескерткіштің маңынан мұнай іздеу жоспарланып отыр.
Ренат ТАИПОВ
Ақтолағайдағы мұнай іздеу жобасы қоғамдық тыңдауға шығарылады
Бірегей табиғи нысан саналатын Ақтолағайда мұнай іздеу жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өтеді. Бұл туралы «АТ» тілшісіне Экология департаментінің өкілдері хабарлады.
– Жер қойнауын пайдаланушы компания тек жеңілдетілген рәсімнен, яғни скринингтен өтуді жоспарлаған еді, – деп түсіндірді ведомство басшысының орынбасары Талап Уснадин. – Алайда біз «Жоспарланған қызмет туралы өтінішті» қарастыра келе, жоба қоршаған ортаға әсерді бағалаудың толық рәсімінен (ҚОӘБ) өтуі керек деген шешім қабылдадық. Бұл жағдайда компания қоғамдық тыңдау да өткізуге міндетті болады.
Қазіргі уақытта ҚОӘБ жобасы әлі әзірленбеген секілді. Қоғамдық тыңдаудың өтетін күні де белгіленбеген. Оны Ақтөбеде емес, мұнай барлау жұмыстары жүргізілуі мүмкін аумаққа ең жақын елді мекен – Миялы ауылында өткізу жоспарланып отырған көрінеді.
Миялы Ақтөбеден 450–500 шақырым қашықтықта орналасқан. Күздің соңы мен қыста бұл ауылға жету айтарлықтай қиындық туғызады. Сондықтан ақтөбелік экобелсенділердің басым бөлігі қоғамдық тыңдауға қатыса алмауы мүмкін.
Қауіп қайта төнді
Еске салайық, алматылық «West Precaspian Company» ЖШС соңғы үш жыл бойы Ақтолағайда мұнай барлау жұмыстарын жүргізуге талпынып келеді. 2022 жылы компанияға барлау және өндіру үшін ауқымды жер телімі – Шұңқыркөл геологиялық телімі берілген болатын. Оның құрамына «Оңтүстік Ақтолағай үстірті» қорықтық аумағы да кірген. Мұнайшыларды қорғалатын аумақтың оңтүстік шекарасына іргелес жатқан жер бөлігі қызықтырған.
2023 жылы «АТ» басылымында осы мәселеге қатысты бірнеше мақала жарық көргеннен кейін компаниядан талаптарын шектеу сұралды. Шұңқыркөл геологиялық телімінің құрамынан қорықтық аумақты түгелдей алып тастау көзделді. Сонымен қатар үстірттің айналасында ені 11 шақырым болатын қорғау белдеуін құруға уәде берілді. Бұл белдеуде мұнай барлау мен өндіруге тыйым салынуы тиіс еді.Алайда 2026 жылы компания Ақтолағайда мұнай іздеу ниетін қайта мәлімдеді.
Іздеп таппады ма?
Облыс әкімдігі «West Precaspian Company» ЖШС аумақтың бір бөлігін тек 2025 жылы қайтарғанын мәлімдейді. Карталарға қарағанда, Шұңқыркөл телімінен «Оңтүстік Ақтолағай үстірті» қорықтық аумағы алып тасталған.
«АТ» редакциясы қысқартылған Шұңқыркөл телімі мен қорықтың нақты координаттарын беру туралы өтінішпен компания өкілдеріне, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне және Индустриялық-инновациялық даму басқармасына жүгінді. Алайда редакцияның сауалы жауапсыз қалды.
Соған қарамастан, облыс әкімдігі мұнай барлау жұмыстары Ақтолағайдан 17–20 шақырым қашықтықта жүргізілетінін мәлімдеуді жалғастырды. Бірақ бұл қашықтық қорықтық аумақтың шекарасынан емес, қорық құрамына кірмейтін белгісіз бір тау жотасынан есептелген.
«АТ» тілшілері қорық пен қысқартылған Шұңқыркөл телімінің координаттарын өздері анықтады. Нәтижесінде Қанжыға деп аталатын барлау учаскесі «Оңтүстік Ақтолағай үстірті» қорықтық аумағынан небәрі 1,5–2 шақырым жерде орналасқаны белгілі болды.
Ал Ақтолағайды тек қорық аумағымен шектемей, тұтас геологиялық кешен ретінде қарастыратын болсақ, мұнай барлау жұмыстары бірегей табиғи нысанның дәл өз аумағында жүргізілмек. Өйткені таңғажайып Ақтолағайдың бір бөлігі ғана қорықтық аумаққа енгізілген.
Редакция анықтаған барлық координаттар мен солардың негізінде әзірленген карталарды Экология департаментіне жолдады.
«Оңтүстік Ақтолағай үстіртінің» орналасқан жері мен шекаралары туралы мәліметтерді редакция геолог Михаил Трохименконың 2005 жылы жарық көрген монографиясынан алды. Дәл осы ғалым бірегей табиғи нысанның қорғалатын аумақтар қатарына енгізілуіне негіз болған шекараларын анықтаған.
Аталған ғылыми еңбек негізінде «Оңтүстік Ақтолағай үстірті» 2006 жылы республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи-қорық қоры нысандарының тізбесіне енгізілген.
Өзекті ақпарат жоқ па?
Айта кетейік, 29 қыркүйекте Экология департаментінде «West Precaspian Company» ЖШС-нің жобасына қатысты хаттама жасалып, онда келіп түскен барлық ескертулер мен ұсыныстар жинақталған кесте түрінде берілген. Өз пікірлерін облыс әкімдігінің салалық басқармалары, санитариялық дәрігерлер мен табиғат қорғау инспекциялары білдірген.
Алайда ведомстволардың ешқайсысы мұнай барлау жұмыстары жүргізілетін жерге жақын маңда «Оңтүстік Ақтолағай үстірті» қорықтық аумағы орналасқанын ескермеген.Ал «West Precaspian Company» компаниясының өзі бұл мәселеге назар аударған көрінеді. Хаттамаға сүйенсек, компания жақын маңда ерекше қорғалатын табиғи аумақтың бар-жоғын анықтауға тырысқан.Бұл сауалға «Қазақ орман орналастыру кәсіпорны» жауап берген. Мекеме өз жауабында: «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (ЕҚТА) және олардың қорғау аймақтарының шекаралары туралы өзекті ақпарат жоқ», – деп мәлімдеген.Бұған қарағанда, Ақтөбе облысында орналасқан «Оңтүстік Ақтолағай үстірті» қорықтық аумағының бар екені туралы мәліметтер жай ғана жоғалып кеткен сияқты!


