Ақтөбеде негізсіз жұмсалған 1,3 млрд. теңге бюджетке қайтарылды
Сурет ЖИ арқылы жасалды
Жансая ЕСМАҒАНБЕТ
Шенеуніктер қаланы абаттандыруға бөлінген жүздеген миллион қаражатты тиімсіз жұмсаған. Тексеру барысында бюджетке 1,3 млрд теңге қайтарылып, жауапты адамдар жазаға тартылды. Бұл жөнінде облыстық прокуратурадан хабарлады.
Ақтөбе қаласының прокуратурасы мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың сақталуын тексерді. Құзырлы органның мәліметінше, қаланың инфрақұрылымдық жобаларын дамытуы тиіс мердігерлер өз міндеттерін орындамаған. Ал шенеуніктер мемлекеттік тапсырысты орындамаған жосықсыз компаниялардан аванс ретінде берілген қаражатты өндіріп алмаған. Сондай-ақ қаланы абаттандыруға арнайы техника сатып алу кезінде де қателікке жол берілген. Жауапты шенеуніктер лизингтік компанияға 556 млн. теңгеден астам бюджет қаражатын артық төлеген. Жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижесінде мемлекет пайдасына 1,3 млрд теңгеден астам өндірілді. Кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.Жыл басынан бері облыс прокуратурасы бюджетке 10,1 млрд теңгені қайтарған.

