Тойда уланған әйел кәсіпкерден 220 мың теңге өндіріп алды

  Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласында мейрамханада тамақтан уланып қалған әйел  моральдық  зиян мен емге кеткен шығынды өндіріп алды. Бұл жөнінде Мұғалжар аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Жансая ЕСМАҒАНБЕТ

kerekinfoaktobe@gmail.com

   Естеріңізге сала кетелік, оқиға биыл жазда болған. Қандыағаш қаласындағы “Тұмар” мейрамханасында той мен садақаға барған  188  адам тамақтан уланып қалған еді. Барлығы 177 науқас ауруханаға жатқызылып, олардан ішек инфекциясының белгілері табылды. Жәбірленушілердің бірі сотқа жүгініп, мейрамхана иесінен моральдық зиян мен емделу шығынын өндіруді сұраған.

 -Мұғалжар аудандық сотында Қандыағаш қаласында орналасқан мейрамхана қонақтарының жаппай улануы бойынша материалдық шығынды өндіру және моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық іс қаралды.    Талап қоюшы мейрамханада мерекелік іс-шараға қатысқаннан кейін денсаулық жағдайы нашарлап, ауруханаға түскенін айтты. Ол емделу барысында жұмсалған шығынды  және моралдық зиянды өтеуді сұрады,-деп хабарлады аудандық соттың баспасөз қызметі.

   Соттан белгілі болғандай, мейрамхана иесі  талап-арызды  ішінара мойындаған. Ол дәрі-дәрмек пен емделу шығындарын өтеуге келіскенімен, моральдық зиян үшін өтемақы төлеу талабын мойындамаған. Алайда сот басқа шешім шығарды. Оған сәйкес,  жауапкерден әйелдің пайдасына  22 725 теңге материалдық шығын мен   200 000 теңге моральдық зиян  өндірілді.

    Айта кетелік, жергілікті полиция жаппай улану дерегінен кейін ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабы («Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған еді. Алайда кейін полиция  департаменті мейрамхана басшылығы мен жеке кәсіпкер кінәсін мойындап, қылмыстық істің рақымшылыққа байланысты тоқтатылғанын хабарлады.

Құқық
10:41, 16 октябрь 2026
38
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив