Жас суретшінің жарқын жолы

 19 жастағы Искандер Сағынай сал аруруына шалдыққанына қарамастан, сурет салу мен тігіншілікті қатар алып жүр. Бала кезінен қылқаламға әуес жас өнерпаз бүгінде ұлттық құндылықтарды суретте бейнелеп қана қоймай, өз қолымен киім үлгілерін де жасауды үйреніп жүр. Оның арманы – қос өнерді ұштастырып, өзіндік шығармашылық бағытын қалыптастыру.

Аружан СМАҒҰЛОВА

@smagulova__aruzhan

    Искандердің сурет салуға қызығушылығы сегіз жасында басталған. Алғашында жай қарындашпен сурет салған ол 13 жасынан бастап майлы бояумен жұмыс істеуге ден қойған. Алты жыл бойы үй жағдайында білім алып, арнайы жабдықталған бөлмеде ұстаздардан сабақ алған. Қазір «Живая кисть» шығармашылық студиясында екі маманнан тәлім алып жүр. Жас суретшінің туындыларында табиғат, ауыл өмірі, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен ұлттық дәстүрлері көрініс табады. Сонымен қатар, шетелдік  қалалардың  сәулеті мен ерекше ғимараттарын да бейнелейді. Анасы Жанна Альжанованың айтуынша, ұлының әр жұмысының өзіндік мәні бар. Дегенмен оған ерекше әсер еткен туындысы – Искандердің мектебіне сыйға тартқан «Дала дәстүрлері» картинасы.

– Бұл картинада қазақ халқының отбасы құндылықтары, салт-дәстүрі мен дала мәдениеті бейнеленген. Қазақ үшін дастархан – отбасының басын қосатын, сыйластық пен татулықтың белгісі. Ұлымның осындай асыл құндылықтарды өз шығармасы арқылы жеткізе алғаны мені ерекше қуантады, – дейді анасы.

Искандердің шығармашылық жолындағы маңызды жетістіктерінің бірі – 2025 жылы облыстық өнер музейінде өткен жеке көрмесі. Онда әр жылдары салған табиғат, ұлттық құндылықтар, ауыл мен қала көріністеріне арналған туындылары қойылды. Бұған дейін, 2023 жылы жас өнерпаздың есімі «Жаңа Қазақстан» кітабына енген.  Сурет салумен қатар Искандер соңғы уақытта тігіншілікке де ден қойып жүр. Қазір жеке ательеде осы өнердің қыр-сырын меңгеруде. Алғашқы тіккен бұйымы – анасына арнап жасаған белдемше мен жакет. Кейін шапан, шалбар, пижама тігіп, ұлттық нақыштағы сәндік корсет, оған үйлесімді сөмке мен бас киімнен тұратын жиынтық әзірлеген. 

Фоторепортаж
15:39, 13 ноябрь 2026
38
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив