Ақтөбеде косметологиялық клиниканың басшысы сотталды

   Ақтөбеде косметологиялық клиниканың директоры клиенттерін тақырға отырғызды. Алданғандардың арасында  қоғам белсендісі, бұрынғы депутат та бар. Бизнеске қаржы салмақ болған ер адам 72  млн теңгесінен айырылып қалған.

Жансая ЕСМАҒАНБЕТ

kerekinfoaktobe@gmail.com

    Ақтөбеде косметологтың көмегіне жүгінгендер алданып қалды. Ол “құрбандарын” бизнеске қаржы салу арқылы оңай табыс табуға болатынын айтып алдаған. Іс құжаттарына қарағанда,  33 жастағы әйел бет күтімін жасауға келген клиенттердің сеніміне кірген. Кейін қалталы кәсіпкерлерге өзінің бизнесіне ақшалай қаражат салып, инвестициялық пайда табуды ұсынған.  Оларға  ТМД елдеріне қайта сату үшін Оңтүстік Кореядан медициналық аппараттарды сатып алатынын айтып, жобаны  қаржыландыруға көмек сұрайды.Сондай-ақ  Астана қаласында клиника ашып жатқанын,халықаралық нарықта Біріккен Араб Әмірлігіне, яғни Дубайға  шығатын  ниеті барын мәлімдеген. Осылайша, ол  бас-аяғы 5 адамды алдап соққан. Жәбірленушілерге келген шығын 136 млн теңгеден асады. Алғашқыда келіншек алған ақшасының бір бөлігін қайтарып отырған. Алайда сотталушының сылтауы бітпегендіктен, жәбірленушілер полицияға шағымдануға мәжбүр болған. Зардап шеккендердің арасында қалалық мәслихаттың бұрынғы депутаты, қоғам қайраткері де бар. Ер адам косметологтың көмегіне жүгініп, ақыры 72 млн теңгеге жуық қаражатынан айырылып қалған. Сотта келіншек өз кінәсін мойындаған жоқ. Ол клиенттерімен арада  ешқандай инвестициялық салым жөнінде әңгіме болмағанын, ақшаны қарызға алғанын айтты. Жәбірленушілерге қаражаттарын артығымен қайтарғанын айтып, айды аспанға шығарды.  Сотта ол экс-депутатпен өзінің клиникасында танысқанын, тұрақты клиенті болғанын айтты.

    -Әңгіме барысында одан пайызбен қарызға ақша сұрап, 83 млн. теңгені құрайтын екі медиациялық келісім жасалды. Оған 19 млн теңгені қайтарып бердім. Осыдан кейін мен  оның телефон қоңырауларына жауап бере алмадым. Өйткені мені ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған еді. Сол кезде ол маған арыз жазды. Онымен сөйлескенде ешқандай инвестициялық салым жөнінде ешқандай әңгіме болған жоқ. Сот бұйрығы бар. Ол ақшаны қайтарудан  қашпаймын. Тағылған айыптарды мойындамаймын.Өзімді алаяқ деп те есептемеймін. Мені ақтауыңызды сұраймын,  -деді сотта келіншек.

       Ақтөбе қаласының №2 сотының үкімімен «Ramina Clinic» ЖШС басшысы аса ірі мөлшерде  алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Алайда кәмелет жасына толмаған 4 баласы болғандықтан, ол жазасын 5 жылдан кейін өтейді. Соңғысы-небәрі төрт айлық нәресте. Оны келіншек үй қамақта отырғанда босанған.

-Сотталушы Қылмыстық Кодекстің 190-бабының 4 бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан 6 жылға  айырылсын.Жаза өтеу орны ретінде қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелері белгіленсін. ҚР Қылмыстық кодексінің 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес, оған  бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындау 5 жылға дейін кейінге қалдырылсын, -деді судья  Ж. Қайболдин.

         Сот оған пробациялық бақылау белгіледі. Сондай-ақ  жәбірленушілерге келген шығынды қайтаруға міндеттеді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Үкіммен келіспеген жағдайда сотталушының апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.

 

Құқық
16:22, 12 ноябрь 2026
0
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив