Ақтөбеде ер адам бұрынғы әйелін буындырып өлтірді
Ақтөбеде бұрынғы әйелін өлтірді деген күдікпен ер адам қамауға алынды. Марқұмның туыстары оның қатаң жазаланғанын қалайды.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
kerekinfoaktobe@gmail.com
Ақтөбеде 26 жастағы әйелдің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сұмдық оқиға 5 қарашада Нұр Ақтөбе ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы жағдайға бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы тұрмыстық жанжал себеп болған. Ұрыс кезінде ер адам келіншекті буындырып өлтірген. Марқұмның артында кішкентай қызы қалды. Полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Қазір 31 жастағы ер адам уақытша ұстау изоляторында отыр.
Жергілікті полицияның мәліметінше, бұған дейін бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы тұрмыстық жанжалдарға қатысты құқық қорғау органдарына ешқандай арыз-шағым мен хабарлама түспеген.Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Марқұмның әпкесі: «Қызымызды өлсін деп тұрмысқа берген жоқпыз»
Ақтөбеде бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапқан Әсел Қожанованың жақындары қайғылы жағдайға қатысты пікір білдіріп, күдіктіге заң аясында ең қатаң жаза тағайындауды талап етіп отыр. Марқұмның әпкесі Жанар Қожанованың айтуынша, сіңлісі бұған дейін де отбасында зорлық-зомбылық көрген. Осы жағдайдан кейін олар ажырасқанымен, бұрынғы күйеуі оны мазалауын тоқтатпаған.
«Мұндай жағдайларды қоғамнан күнде естіп, көріп жүрміз. Бірақ дәл осындай қайғы өз отбасымыздың басына келеді деп ойламадым. Егер тосын жағдай немесе Алладан келген ажал болса, бір жөн. Бірақ, бұл – адам қолынан келген өлім. Ол не үшін сол үйге барды? Екеуінің арасында не болды? Қазір бізге белгісіз. Тергеу жүріп жатыр. Білетініміз – сіңлім жұмыстан қайтып келе жатқанда, ол артынан еріп, үйіне бірге кірген. Үй ішінде не болғанын нақты білмейміз», – дейді марқұмның әпкесі.
Оның сөзінше, Әсел бұрынғы күйеуімен 3-4 жыл бірге тұрған. Алайда отбасылық өмірлері оңай болмаған. Жанар Қожанова сіңлісінің тұрмыста жүрген кезінде қол көтеру мен жанжалдарға тап болғанын айтады. Қызының өміріне алаңдаған ата-анасы ерлі-зайыптыларды ажырасуға көндірген.
«Олардың ажырасқанына 3 жылдан асты. Аға-жеңгем қыздарын ойлап, екеуінің бөлек кеткенін құптады. Сіңіліммен соңғы рет сөйлескенде де: “Қазір бәрі тыныш па? Маза бермей жүрген жоқ па?” деп сұрадым. Ол: “Жоқ, тәте, қазір Астанада жүр” деген еді. Бірақ оның қалада болғанын, Астанадамын деп өтірік айтқанын кейін түсіндік. Екеуі отбасын құрғанда аға-жеңгем “үй болып кетсін” деп Нұр Ақтөбе шағын ауданынан үй алып берген. Бар жағдайын жасауға тырысты. Соған қарамастан, қол көтеру мен ұрыс-жанжал тоқтаған жоқ. Ажырасқаннан кейін де сіңлім сол үйде тұрды. Алайда бұрынғы күйеуі келіп, тыныштық бермеген сияқты», – дейді Жанар.
Қайғылы оқиға болған күні Әселдің жанында үш жастағы қызы болған.
«Үш жастағы баланың көзінше осындай жағдай болған. Біреудің қызын өлтіріп, ата-анасын қайғыға салды. Өзінің баласын анасыз қалдырды. Біздің талабымыз – кінәлі адамға заң аясында ең қатаң жаза берілуі керек», – дейді марқұмның әпкесі.
“Сіңілім ақкөңіл жан еді”
Жанардың айтуынша, Әсел ақкөңіл, ашық мінезді, айналасына сыйлы жан болған. Ол Нұр Ақтөбе шағын ауданындағы балабақшада жұмыс істеген. Жұмыстастары, көршілері мен жақындары марқұмды ақкөңіл, бауырмал адам ретінде таниды.
«Сіңілім үнемі алдымыздан күліп шығатын.Үлкенге қарсы келмейтін. “Тәте” деп жанымнан қалмай жүретін. Туған ағамның жалғыз қызы еді. Оның енді арамызда жоқ екеніне сену өте қиын», – дейді әпкесі.
Марқұмның жақындары бұл оқиғаның қоғам назарынан тыс қалмағанын қалайды. Жанар Қожанова әлеуметтік желіде үндеу жариялап, заңгерлерден, құқық қорғау саласының мамандарынан және қоғам белсенділерінен қолдау сұраған. Сондай-ақ ол әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату мәселесін көтеріп, петиция жариялауды жоспарлап отыр.
«Мұндай жағдайларға бейжай қарай алмаймын. Қаншама әйел ер адамның қолынан қаза тауып жатыр.Ешбір ата-ана қызын тұрмысқа шығарғанда “өлсін” деп бермейді. Бар тілегі – қызының бақытты болып, барған жерінде сый-құрметке бөленіп, шаңырағының аман-есен, отбасының берекелі болуы. Біз де сіңлімізді осындай ниетпен ұзаттық», – дейді әпкесі.
Айта кетелік, бұған дейін Ақтөбеде Неке сарайында 26 жастағы әйел кісі қолынан көз жұмған еді. Оны “өлтірді” деген күдікпен бұрын бірге тұрған ер адам ұсталды. Марқұмның артында 2 баласы қалды. Қазір олар “Үміт “ балалар үйіне орналастырылды.
Жыл басынан бері өңірде 4 әйел отбасылық зорлық -зомбылықтан көз жұмды. Ақтөбе облысы Полиция департаментінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің ерекше тапсырмалары жөніндегі аға инспекторы Эльмира Адамбекованың сөзінше, марқұмдар бұрынғы күйеулерінің немесе бірге тұрған ер адамдардың қолынан қаза тапқан.
-Жыл басынан бері Ақтөбе облысында әйелдерге қатысты 4 кісі өлтіру дерегі тіркелді. Өкініштісі, бұл қылмыстардың барлығы жәбірленушілердің жақын қарым-қатынаста болған адамдарының тарапынан жасалған. Төрт жағдайдың бірінде әйелді бірге тұратын ер адамы өлтірсе, тағы бірінде қылмысқа бұрын бірге тұрған адамы барған. Сонымен қатар бір әйел бұрынғы жігітінің, тағы бірі бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапқан. Осылайша, тіркелген барлық қылмыс жәбірленушілермен жақын қарым-қатынаста болған адамдар тарапынан жасалған,- дейді полиция полковнигі.
Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсететін екі дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Солардың бірі – «Аққу» орталығы.Мұнда қиын жағдайға тап болған әйелдерге психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетіледі.
Полиция өкілдерінің айтуынша, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі.Зорлық-зомбылық туралы әрбір хабарлама бойынша полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел барып, жағдайды анықтап, заң аясында тиісті шаралар қабылдайды.Құқық бұзушылыққа жол берген азаматтарға қатысты жеке профилактикалық шаралар қолданылады. Атап айтқанда, жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қайталама зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін 30 тәулік мерзімге қорғау нұсқамасы шығарылады.Сондай-ақ заң талаптарын бұзған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салу немесе әкімшілік қамаққа алу шаралары қолданылуы мүмкін.Ал денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактілері бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайда Қылмыстық кодекстің 108-1 және 109-1-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, қажетті сараптамалар тағайындалады.Бұдан бөлек, полиция психологиялық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерді қорғауға да басымдық береді. Оларға қажет болған жағдайда психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек алу жолдары түсіндіріледі.


