Ақтөбеде есірткімен күрес күшейді
Ақтөбе облысында жыл басынан бері есірткіге қатысты 321 құқықбұзушылық анықталды. Заңсыз айналымнан 528 келіден астам есірткі тәркіленді. Сонымен қатар есірткі саудасына қатысы бар 923 интернет-ресурс бұғатталып, синтетикалық есірткі таратумен айналысқан 17 адам ұсталды.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
kerekinfoaktobe@gmail.com
Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес – құқық қорғау органдары жұмысының басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде есірткі қылмыстарының алдын алу, заңсыз айналымға тосқауыл қою және жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді.Ақтөбе облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Азамат Қияшевтің айтуынша, биыл облыс аумағында 321 есірткі құқықбұзушылығы тіркелген. Заңсыз айналымнан алынған есірткі заттарының жалпы салмағы 528 келі 887 грамды құраған. Оның ішінде 520 келіден аса марихуана тәркіленген. Бұл 52 мыңнан астам бір реттік дозаға тең. Оның қара нарықтағы болжамды құны 226 миллион теңгеден асады. Ал синтетикалық есірткінің көлемі 5 келі 169 грамды құрап, 36 мың бір реттік дозаға жеткен. Мұндай заттардың жалпы құны 144 миллион теңгеден асады.
Интернеттегі есірткі саудасына да тосқауыл қойылуда
Есірткі бизнесі интернет кеңістігіне де жаулап алған. Осыған байланысты полиция қызметкерлері заңсыз есірткі айналымына қатысы бар 923 сайтты анықтап, бұғаттаған. Сонымен қатар Ақтөбе қаласындағы тұрғын үйлер мен ғимараттардың қабырғаларында есірткі заттарын жарнамалайтын 73 граффити-жазба боялып, жойылды. Бұл жұмыс басқарушы компаниялардың қызметкерлерімен бірлесіп атқарылған. Заңсыз қаржы айналымының жолын кесу мақсатында «Антифрод» жүйесі арқылы 650 банк картасы анықталып, бұғаттауға жіберілген. Бұғатталған қаражаттың жалпы сомасы 5 миллион 598 мың 300 теңгені құрайды.
Есірткімен көлік басқарған 189 жүргізуші жауапқа тартылды
Есірткіге мас күйінде көлік жүргізу – адам өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін әрекет. Есептік кезеңде осындай құқықбұзушылық жасаған 189 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43 пайызға жоғары. Айта кетейік, былтыр осы санат бойынша 132 дерек тіркелген. Бұдан бөлек есірткі және психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен дәрігердің тағайындауынсыз күшті әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтынғаны үшін 500 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 440-1-бабы қолданылған.
Нашақорлық диагнозымен есепте тұрғандар саны азайған
Психикалық денсаулық облыстық орталығының мәліметінше, өңірде нашақорлық диагнозымен диспансерлік есепте тұрған азаматтардың саны төмендеген. Қазіргі таңда есепте 1273 адам бар. Оның 1149-ы – ер адам, 124-і – әйел. Салыстырмалы түрде алғанда, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1487 адамды құраған. Осылайша, есепте тұрғандар саны 14,4 пайызға азайған.
Есірткіге тәуелді азаматтардың 676-сы опиоидты заттарды, 597-сі каннабиноидты заттарды тұтынушылар ретінде есепте тұр. Өткен жылмен салыстырғанда опиоидты топ бойынша көрсеткіш 9,1 пайызға, ал каннабиноидты топ бойынша 19,7 пайызға төмендеген. Дегенмен алаңдатарлық жағдайлар да жоқ емес. Есептік кезеңде есірткіні шамадан тыс тұтынудан екі адам қайтыс болған. Былтыр осы кезеңде бір өлім дерегі тіркелген.
Жастар арасындағы профилактикаға ерекше көңіл бөлінеді
Полиция департаменті есірткі қылмысының алдын алуда тек жазалау шараларына ғана емес, түсіндіру және профилактикалық жұмыстарға да басымдық беріп отыр. Былтыр ІІМ нұсқауына сәйкес, есірткі қылмысы үшін сотталған немесе соттылығы өтелген 51 азаматпен келісім жасалған. Олардың қатысуымен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға және «Заң мен тәртіп» идеологиясын қалыптастыруға бағытталған 27 іс-шара өткізілген. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды кеңейту жоспарланып отыр. Сонымен қатар Полиция департаменті жанынан есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес құрылған. Оның құрамына қоғамдық ұйымдардың өкілдері, өңірге танымал азаматтар мен медиа тұлғалар кірген. Кеңес құрамында барлығы 12 адам бар.Кеңестің негізгі мақсаты – құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйымдардың күш-жігерін біріктіріп, есірткі қылмысының алдын алу жұмыстарын үйлестіру, сондай-ақ тұрғындар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өзара байланысын нығайту.
«Ақтөбе–нашақорлықсыз қала!»
Нашақорлыққа қарсы күрес айлығы аясында 26 мамырда «Ақтөбе – нашақорлықсыз қала» атты спорттық марафон ұйымдастырылды. Мамыр -маусым айларында өткен түрлі профилактикалық іс-шараларға 3500-ден астам адам қатысты. Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай өңірде 137 іс-шара өткізілді. Олардың материалдары бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланды.Сонымен қатар 20 рейд ұйымдастырылып, есірткіні жарнамалайтын тағы 10 граффити-жазба жойылды. Аталған шараларға «Құрмет» орденінің иегері, кино және театр актері, «Meow» сериалындағы Манас рөлі арқылы көпшілікке танылған Асан Мәжит те қатысты.
Синтетикалық есірткі таратушылар ұсталды
Ақтөбе қаласында жыл басынан бері синтетикалық есірткі заттарын таратумен айналысқан 18 бен 35 жас аралығындағы 17 адам ұсталған.Тергеу мәліметтеріне сәйкес, олар есірткі заттарын арнайы жасырын орындарға қалдыру, яғни «есірткі қойып кету» тәсілі арқылы таратумен айналысқан. Бұл деректер бойынша заңнамада көзделген шаралар қабылданып, сот шешімдері шығарылған. Бұдан бөлек жаңа оқу жылы басталғалы бері полиция қызметкерлері бекітілген білім беру ұйымдарында құқықбұзушылықтардың, соның ішінде есірткі қылмыстарының алдын алуға бағытталған профилактикалық кездесулер мен түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп те нашақорлыққа қарсы кешенді шаралар қолға алынған. Бұл жұмыстардың нәтижесі Ішкі істер министрінің Президент Әкімшілігіне жасаған есебінде аталып, Ақтөбе облысы оң нәтижеге қол жеткізген өңірлердің қатарынан көрінген. Мамандардың пікірінше, есірткі қылмысына қарсы күресте құқық қорғау органдарының жұмысы ғана емес, ата-аналардың, педагогтердің, қоғамдық ұйымдар мен жалпы тұрғындардың белсенділігі де маңызды. Өйткені есірткісіз қоғам қалыптастыру – баршаға ортақ міндет.
Есірткінің қаупі мен залалы
Бүгінгі қоғамды есірткінің зияны туралы білмейтіндер жоқтың қасы. Десе де, бұл қауіптің ауқымын сезінбей, өз денсаулығын саналы түрде құртып жатқандар әлі де бар. Көпшілігі кейбір заттарды «жеңіл» деп қателесіп, олардың зиянсыз екеніне сендіруге тырысады. Алай, «жеңіл есірткі»деген ұғым жоқ. Кез келген түр адам ағзасына орны толмас нұқсан келтіреді.
Есірткінің ең басты қатері — оның тез тәуелділік тудыратын қасиетінде. Уақыт өте келе адам бұл заттардың құлына айналып, салдары туралы мүлде ойланбайтын күйге жетеді.
Нашақорлық адамды екі жақты — физикалық және психикалық тұрғыдан түбегейлі бұзады:Физикалық зақым: Ағзаға кезекті доза түспеген сәтте адамның жағдайы күрт нашарлайды (абстиненция немесе «ломка»). Жүрек айнып, құсу, ішкі ағзалардың жұмысы бұзылып, төзімсіз ауырсыну пайда болады.Психикалық күйреу: Есірткі бірте-бірте ми қызметі мен жүйке жүйесін толықтай тоқыратады. Бұл адамның мінез-құлқын өзгертіп жібереді.Нәтижесінде, адам қоғамнан қол үзіп, кәсіби өмірден аластатылады. Оны отбасы да, жұмыс та, оқу да қызықтырмай қояды. Барлық ойы мен әрекеті тек «кезекті дозаны қалай табуға болады» деген жалғыз мақсатқа ғана бағынады. Бұл тұлғаның толықтай деградацияға ұшырауына және өмірге деген қызығушылығының мәңгілікке жоғалуына әкеп соғады.
Жақыныңызды нашақорлықтан қалай арашалайсыз?
Мамандар есірткіге тәуелділікті келесі айқын белгілер арқылы дер кезінде тануға болатынын ескертеді.Терінің бозаруы және мимикасыз, «қатып қалған» бет-әлпет.Жарыққа жауап бермейтін тым тар немесе кең қарашықтар, мұрынның үнемі бітелуі, жиі түшкіру мен есінеу.Қолдың дірілдеуі, ұйқысыздық және тамырлардың зақымдануы.Жақының бойынан бұл белгілерді байқасаңыз, уақыт созбай шұғыл түрде нарколог мамандарға жүгініп, емдеуді бастау қажет.


