Нейропедагог: «Баланы 7 жаста мектепке беру керек»

 Қазіргі балалар неге бір орында ұзақ отыра алмайды? Неліктен кейбірі ақпаратты жылдам қабылдаса, енді бірі тапсырманы орындауға көбірек уақыт жұмсайды? Баланың сөйлеуі, есте сақтауы мен зейіні бір-бірімен қалай байланысты? Бұл сұрақтарға нейропедагог Лаура Наубетова жауап берді. Маманның айтуынша, баланың кейбір әрекеттерін еркелікке немесе тәртіпсіздікке балап, жазалауға асықпау керек. Өйткені оның артында мидың даму ерекшеліктері жатуы мүмкін.

Аружан СМАҒҰЛОВА

@smagulova__aruzhan

Нейропсихология баланың мінез-құлқын қалай түсіндіреді?

Нейропсихология – зейін, есте сақтау, ойлау, сөйлеу және эмоция сияқты психикалық процестердің мидың белгілі бір құрылымдарымен байланысын зерттейтін ғылым. Қарапайым тілмен айтқанда, бала неліктен еркелейді, сабақты неге түсінбейді, оқуға неге қиналады немесе тез шаршайды деген сұрақтардың жауабын осы ғылым арқылы түсіндіруге болады.

– Көп жағдайда ата-аналар баланың әрекетін мінезімен байланыстырады. Алайда мұндай мәселелердің себебін тек мінез-құлқынан емес, мидың жұмысындағы ерекшеліктерден де іздеуіміз керек. Нейропсихология баланы жазалау немесе қателігіне бола  кінәлау үшін қажет емес. Керісінше, оның миының әлі толық жетілмеген тұстарын анықтап, қалай көмектесе алатынымызды түсінуге мүмкіндік береді. Мысалы, бала тыңдамаса, бұл оның тентектігінен емес, өзін-өзі бақылау қабілеті әлі қалыптасып үлгермегендіктен болуы мүмкін, – дейді Лаура Наубетова.

Маман балалар мен ересектер нейропсихологиясының айырмашылығы бар екенін айтады. Ересектердің миы негізінен қалыптасып қойғандықтан, олардағы нейропсихологиялық мәселелер көбіне инсульт, ми жарақаты, бас-ми жарақаты немесе ісік салдарынан пайда болған жоғары психикалық функциялардың бұзылуымен байланысты. Ал балалардың миы әлі қалыптасу үстінде болғандықтан, оның даму мүмкіндігі жоғары.

– Егер бала миындағы белгілі бір аймақтың дамуы кешеуілдесе немесе зақымданса, басқа нейрондар сол қызметті өз мойнына алуы мүмкін. Сондықтан арнайы нейрожаттығулар мен түзету жұмыстары арқылы баланың дамуына көмектесуге болады. Балалар нейропсихологы мидың әр бөлігінің жасына сай жетілуін бақылап, қажет болған жағдайда дамыту жаттығулары арқылы бағыт береді, – дейді маман. Баланың миы қай кезеңде қарқынды дамиды?

Лаура Наубетованың айтуынша, баланың миы ең алдымен ана құрсағында жатқан кезден бастап үш жасқа дейін қарқынды дамиды. Бұл кезеңде нейрондық байланыстар өте жылдам қалыптасады.

Келесі маңызды кезең – 5 пен 7 жас аралығы. Осы уақытта мидың алдыңғы бөлігі, яғни префронтальды қыртыс қарқынды дами бастайды. Ол баланың жоспарлауына, ерік-жігеріне, өзін-өзі бақылауына және әрекетін реттеуіне жауап береді.

– Бұл кезең баланың мектепке дайындығы үшін өте маңызды. Өйткені бала бір орында отыруды, өз-өзін ұстауды, тапсырманы орындауды және белгілі бір жағдайда шешім қабылдауды үйренеді. Сондықтан баланы мектепке беруде тек жасына немесе басқа балалардан қалмауына емес, оның миының даму деңгейіне де назар аудару керек, – дейді нейропедагог.

Кейбір ата-ана баласын бес-алты жасында қатарластарынан қалмасын деп мектепке асыға береді. Алайда баланың миының алдыңғы бөлігі әлі толық жетілмеуі мүмкін.

– Мысалы, мұндай балаларға 20-30 минут партада тапжылмай отыру қиын болуы мүмкін. Олар тез шаршайды, сабақ кезінде қозғала бастайды. Ата-аналар мұны гипербелсенділік деп қабылдайды. Бірақ кейде бұл энергияның көптігінен емес, керісінше, мидың шаршауы мен энергия тапшылығынан болады. Бала қозғалу арқылы өзін сергітуге тырысады. Сондықтан баланы мектепке беруге асықпай, шамамен алты жарым-жеті жасын күткен дұрыс, – деп есептейді маман.

Қазіргі балалар ақпаратты жылдам қабылдайды

Нейропедагог қазіргі балаларды цифрлық дәуірдің өкілдері, яғни альфа ұрпақ деп атайды. Олардың ақпаратты қабылдау ерекшеліктері бұрынғы буын балаларынан өзгеше.

– Қазіргі балалар ақпаратты өте жылдам қабылдайды, көру арқылы меңгеру қабілеті жоғары. Клиптік ойлау жүйесі жақсы дамығандықтан, тез шешім қабылдай алады. Бірақ мұның кері әсері де бар. Көп жағдайда олар зейінін ұзақ уақыт бір нәрсеге шоғырландыра алмайды. Бір орында ұзақ отыру, бастаған ісін соңына дейін жеткізу, жоспарлау мен реттілікті сақтау қиынға соғады, – дейді Лаура Наубетова.

Нейропедагог мұны гаджеттерді шамадан тыс пайдаланумен және физикалық белсенділіктің азаюымен де байланыстырады. Қазіргі балалардың көпшілігі уақытын телефон алдында өткізетіндіктен, қозғалысы азаяды. Сонымен қатар «тірі қарым-қатынас» та кемиді.

Зейін тұрақсыз болса, есте сақтау да төмендейді

Балалардың ақпаратты меңгеру жылдамдығы әртүрлі болуының бір себебі – нейродинамика, яғни мидың жұмыс қарқыны мен энергиясы. Маманның айтуынша, кейбір балалар тапсырманы жылдам орындаса, енді біріне оны түсініп, өңдеу үшін көбірек уақыт қажет. Бұл баланың қабілетсіздігін білдірмейді.

– Кейде бала тапсырманы түсінбей отырған жоқ, оның миы ақпаратты өңдеу үшін көбірек уақыт талап етеді. Мұндай балалар оқуда да, жазуда да, тіпті қимыл-қозғалысында да баяу болуы мүмкін. Сонымен қатар қабылдаудың көру және есту сияқты түрлерінде ерекшеліктер болса, ақпаратты меңгеру жылдамдығына әсер етеді, – дейді ол.

Баланың зейіні мен есте сақтау қабілеті де өзара тығыз байланысты. Егер бала ақпаратқа назарын толық аудара алмаса, оны есте сақтауы да қиындайды.

– Нейропсихологияда жоғары психикалық функциялардың барлығы кешенді түрде жұмыс істейді. Мысалы, зейін тұрақсыз болса, есте сақтау да төмендейді. Себебі ақпарат миға толық қабылданбайды. Ал сөйлеу – ойдың сыртқа шығуы. Сондықтан сөйлеуі  кешеуілдеген баланың ішкі ойлау процестері мен логикалық дамуына да назар аудару қажет, – дейді нейропедагог.

Нейропедагог баланың солақай немесе оңқай болуы да мидың даму ерекшелігіне байланысты екенін айтады. Солақайлық – патология емес, мидың оң жақ жарты шарының белсенділігімен байланысты ерекшелік. Ал екі қолын бірдей қолдану амбидекстрия деп аталады.

Бала тапсырманы түсінсе де, неге орындауға асықпайды?

Баланың тапсырманы түсініп тұрып орындамауының бірнеше себебі болуы мүмкін. Маман мұны мотивацияның төмендігімен, тапсырманың қызықсыздығымен немесе баланың өзін-өзі ұйымдастырудағы қиындықтарымен байланыстырады.

– Қазіргі мектептерде тапсырмалар көбіне бір қалыпта беріледі. Ал бала үшін мұндай жұмыс қызықсыз болуы мүмкін. Егер ол тапсырманы орындағаны үшін ешқандай марапатқа ие болмаса, оны жалғастыруға ынтасы төмендейді. Кейбір балалар тапсырманы неден бастау керегін де білмейді. Оны бірнеше қадамға бөліп, соңына дейін жеткізуге ерік-жігері жетпей жатады, – дейді ол.

Сондықтан ата-ана баланың тапсырманы орындамауын бірден жалқаулыққа балап, ұрыспауы керек. Алдымен оның тапсырманы түсінген-түсінбегенін, зейінін қаншалықты шоғырландыра алатынын және жұмысты ұйымдастыруда қандай қиындықтарға тап болатынын анықтаған жөн.

Баланың миын дамытуға арналған ойындар

Баланың зейінін, есте сақтауын және ойлау қабілетін үйде қарапайым ойындар арқылы дамытуға болады. Мысалы, зейінді дамыту үшін «иә-жоқ» ойынын ойнауға болады. Балаға белгілі бір сөзді айтпау немесе нақты түсті көргенде шапалақтау тапсырмасы беріледі.

Есте сақтау қабілетін дамыту үшін бірнеше затты көрсетіп, кейін біреуін жасырып қоюға болады. Бала қай заттың жоғалғанын немесе орын ауыстырғанын табуы керек. Сондай-ақ бірнеше заттың атауын айтып, баладан оларды қайталауды сұрауға болады.

Ұсақ моториканы дамыту үшін дәнді-дақылдарды сұрыптау, пластилинмен жұмыс істеу пайдалы. Бұған қоса, қол мен аяқты әртүрлі бағытта қозғалтуға арналған нейрожаттығуларды да орындауға болады. Нейрожаттығулар тек балаларға емес, ересектерге де пайдалы. Оларды есте сақтау қабілетін қолдау үшін де қолдануға болады.

Баланы бірнеше үйірмеге беру қаншалықты дұрыс?

Нейропедагог баланы үйірмелерге берудің пайдалы екенін жоққа шығармайды. Алайда мұнда ең маңыздысы – баланың жасы, қызығушылығы және жеке ерекшеліктері.

– Егер үйірме баланың қалауына және жасына сай келсе, оның пайдасы бар. Мысалы, гипербелсенді балаларға бассейнге бару пайдалы болуы мүмкін. Бірақ баланың ерекшелігін ескермей, оны бірінен кейін бірін бірнеше спорт секциясына беру дұрыс емес, – дейді ол.

Кейбір ата-ана баласы бәріне үлгерсін деп күніне 4-5 үйірмеге жаздырады. Алайда мұндай жағдайда баланың демалуға және еркін ойнауға бөлінетін уақыты азаяды.

– Баланың табиғи тынығатын уақытын алып қоюға болмайды. Үйірмелер тым көп болса, миға шамадан тыс жүктеме түседі. Нәтижесінде бала тез шаршап, ұйқы бұзылуы, невроз белгілері пайда болуы және иммунитеті әлсіреуі мүмкін. Сондықтан баланы барлық үйірмеге бірдей қатыстыруға тырыспай, оның қажеттілігі мен мүмкіндігіне қарай таңдау керек, – деп түйіндеді нейропедагог.

Кейіпкер
15:20, 13 ноябрь 2026
45
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив