Ақтөбеде жер телімдері беріліп жатқан жоқ
Ақтөбеде инженерлік желілердің болмауына байланысты кезекте тұрғандарға жер телімдері беру тоқтатылған. Бүгінгі таңда 137 723 адам жер кезегінде тұр. Бұл туралы “Ақтөбе қалалық жер қатынастары бөлімі ”ММ бас маманы Жанбек Қабылов мәлімдеді.
Назгүл ӘБЕТОВА
2022 жылғы 1 наурыздан бастап egov.kz электрондық үкімет порталында жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін алу үшін кезекке қою қызметі іске қосылған. Тұрғындар кезекке тұрып оның қозғалысын онлайн режимде бақылай алады. Алайда, бүгінгі таңда Ақтөбеде жер учаскелері беріліп жатқан жоқ. Оған себеп-инженерлік желілердің болмауы. Нақты қашан беріле бастайтыны әзірге белгісіз.
“Ақтөбе қалалық жер қатынастары бөлімі” мемлекеттік мекемесінің бас маманы Жанбек Қабыловтың айтуынша, ҚР Жер Кодексіне сәйкес жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру қатаң түрде кезек бойынша жүзеге асады. Ешқандай жеңілдіктер қарастырылмаған.
-Бүгінгі таңда инженерлік желілердің болмауына байланысты кезекте тұрғандарға жер телімдерін беру тоқтатылды. Тұрғын үй алаптарын жарақтандыру рәсімі белгілі бір уақыт пен қаржы ресурстарын талап етеді. Сумен, газбен жабдықтау, электрлендіру жөніндегі тиісті жұмыстарды жүргізу 2018-2023 жылдарға жоспарланған,-деп атап өтті Жанбек Мұхитұлы.
Ескеретін жәйт, жер учаскесін игеруге бағытталған қандай да бір жұмыстар жүргізілген жағдайда жалдау мерзімі ұзартылатын болады. Ол жерде су, газ болмаса, жерді игеру мерзімі коммуникация тартылған кезден бастап есептеледі.
Ақтөбе қаласы Бас жоспарына сәйкес, қаланы дамыту перспективасын ескере отырып, көпқабатты тұрғын үй салу басым бағдарланған. Қала шетіндегі жеке тұрғын үй құрылысы (ЖТҚ) қатаң шектелген. Яғни, жер учаскесі үшін қала маңы аумағындағы жерлер қарастырылған.
Бүгінгі таңда Ақтөбеде жер кезегінде 137 723 адам тұр.