Ақтөбеліктер шу шығарды: "Дүкен емес, ойын алаңы керек!"
Ақтөбеде 12 мөлтек ауданы тұрғындары ауладан бой көтергелі жатқан шағынмаркеттің құрылысына наразы.Оның орнына балалар ойын алаңы мен автотұрақ салынғанын қалайды.
Ақтөбедегі 12 мөлтек аудандағы № 17,№18,№19, №20 көпқабатты үйлер бір аулада орналасқан. Осы көпқабатты төрт үйде 600-ден астам отбасы тұрып жатыр. Кешкісін барлық бала ойнауға шыққанда ойын алаңына сыймай қалады. Автотұрақ та қарастырылмағандықтан, тұрғындар көліктен де қауіп бола ма деп алаңдаушылық білдіріп отыр. Бұл көпқабатты үйдің ауласынан шағынмаркет салынғалы жатқанын жеткізген тұрғындар “Керек.info” тілшісіне өз базыналарын айтты. Жан-жағы қаңылтырмен қоршалып, салынғалы жатқан шағынмаркеттің орнында осы күнге дейін дүңгіршек болған. Дүңгіршек деген аты болмаса терезелері сынып, қараусыз тұрған. Жақында сүріліп, “орнына шағын маркет салынады” дегенді естігеннен бері тұрғындардан маза кеткен. Қуықтай ауланы тарылтып тастай ма қауіптенеді. Өйткені, қазіргі тұрған ойын алаңы балалар үшін тарлық етеді.Бәрінің қалауы-дүкен емес, ойын алаңын кеңейтіп салу.
-Кешкісін барлық балаға ойнауға шыққанда бұл жерге сыймай қалады. Кішкентай баламен далаға шығу мүмкін емес. Доп тиіп кете ме деп алаңдайсың. Онсызда 4 үйдің астында 4 дүкен тұр. Оның өзі артық етеді. Бәрін қаптатып не істей береді? Одан да ойын алаңын жасау керек. Көлік тұрағы да есептелмеген. Балаларымыз аулада жүргенде қауіпсіздігіне алаңдайсың. Көлік келе жатыр, әрі жүр, бері жүр деп отырамыз. Үлкен балалар футболды да осы жерде ойнайды. Шаң көтеріледі. Дүкен салғанша, ойын алаңын кеңейтіп, бөлек футбол алаңын салып бергендері дұрыс болар,-дейді 20 үйдің тұрғыны Динара Конарова. Болат Адаев осы жерде он жылдан бері тұрады. Көпқабатты үйлердің жағдайымен толық таныс. Қазіргі ойын алаңы 4 көпқабатты үйдің балалары үшін тарлық етеді.Үйдің артында супермаркет те бар. Одан да баларымыздың қауіпсіз, алаңсыз ойнайтын жер жасап берсе екен дейді. Тұрғындар жиналған жерге, мән-жайды білмек болып Ақтөбе қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары да келді. Өзін мобильді группаның бас маманымын деп таныстырған Айбек Қыдырбековтің сөзінше, бұл дүкеннің эскизі бар. Тұрғындар қарсы болса, кемінде 70 пайызы қол жинап, Ақтөбе қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне тапсырулары керек. Ауланың тарлығынан жүргізушілер көліктерін есік алдына қоюға мәжбүр.Әр үйде бір-бір көліктен бар дегенде, қаншама көлік тізіліп тұратынын елестете беріңіз. Осылайға 12 шағын аудандағы көпқабатты үйдің тұрғындары жергілікті биліктен балалар ойын алаңы мен спорт алаңдарын, автотұрақ салып берсе деген өтіншітерін жеткізді.