Ақтөбеде есірткіден қайтыс болатындар көбейді
Ақтөбе облысында биыл есірткіні көп мөлшерде қолдану салдарынан 8 адам қайтыс болған. Өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға өскен. Бұл туралы облыс прокурорының көмекшісі Өркен Ещанов мәлімдеді.
Назгүл ӘБЕТОВА
kerekinfoaktobe@gmailcom
Ақтөбеде есірткіге деген сұраныс, өндіріс және есірткі айналымы адамдардың денсаулығына үлкен әсер етіп жатыр. Биыл облыста есірткіні артық мөлшерде қолдану салдарынан 8 адам қайтыс болған. Ал, өткен жылы 6 адам қаза тапқан.
Ақтөбе облысы прокурорынның көмекшісі Өркен Ещановтың хабарлауынша, биылдың өзінде есірткіге байланысты 306 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде 148 қылмыстық іс сотқа жолданған.
- Есірткіні тұрғын үйлердің қабырғаларында, телеграмм-арналардың атауларын бейнелеу арқылы жүзеге асырылған 12 жағдай тіркелді. Осыған байланысты есірткі саудасымен айналысатын адамдарды анықтау үшін интернетте жарнамалық “граффити сайттары мен мессенджерлерінің логиндері” таралу фактілерінің алдын алу және жолын кесу бойынша жұмыстар күшейтілді,-дейді прокурордың көмекшісі Өркен Ещанов.
Қала бойынша қабырғалардан осындай 20-дан астам жазба жойылған. Астана ауданында көрсетілген фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабының 4-бөлігі және 262- бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген. Қылмыстық топ құрды деген күдікпен 6 адам ұсталған. Барлығына 16 жылдан 17 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Айта кетейік, Ақтөбе облысында 1786 адам наркологиялық есепте тұр. Оның ішінде 117-сі әйел болса, кәмелетке толмаған 1 бала бар.