Ақтөбеде қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар ұсталды
Ақтөбеде автоломбард түріндегі қаржы пирамидасын құрғандар ұсталды. Қазіргі уақытта пирамида басшылары сот санкциясымен қамауға алынған. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Назгүл ӘБЕТОВА
Ақтөбеде облыстық ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру іс-шарасы кезінде криминалитет өкілдері мен деструктивті діни ағымның жақтаушыларының жолын кесті. Олар автоломбард түріндегі қаржы пирамидасын құрған. Салымшыларға автокөліктерін нарықтық бағадан жоғары бағаға сатып алуға уәде берген. Алайда, автокөліктер төмен бағада сатылған. Төлемдер жаңа клиенттерді тарту арқылы жүзеге асырылған.
Тәртіп сақшылары қаржы пирамидасының екі ұйымдастырушысын және басқа да адамдарды ұстады. Тінту барысында арнайы техника, ЖШС-нің заңсыз қызметіне қатысты құжат, діни сипаттағы әдеби кітаптар, банк карталары, электрондық жад тасымалдағыштар мен ұялы телефондар тәркіленген.
Полицияның дерегінше, пирамида басшылары соттың санкциясымен қамауға алынған. Қазіргі таңда құқық қорғаушылар қаржы пирамидасына қатысушы криминалитет өкілдері мен деструктивті діни ағымдарды ұстанушыларды әшкерелеу бойынша жедел іс-шарасын өткізіп жатыр.