Ақтөбеде биыл мамандандырылған мектептерге 6 оқушы жеңілдікпен түскен
Әлеуметтік осал топқа жататын отбасы балалары мамандандырылған мектептерге 15 пайыздық квотамен оқуға түсе алады. Биыл Ақтөбеде осындай жеңілдікке 6 оқушы ие болған. Бұл туралы Ақтөбе облыстық білім басқармасы хабарлады.
Мамандандырылған мектептерге оқуға қабылдау конкурстық негізде жүргізіледі. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, ауыл мектептерінің, жалпы әлеуметтік осал топтағы отбасы балалары мамандандырылған мектептерге 15 пайыздық жеңілдікпен түсе алады. Оған атаулы әлеуметтік көмек алатын ауылдық жерден шыққан отбасы балалары, ата-анасының біреуі бірінші топтағы мүгедектігі бар, мүгедек баласы бар немесе оны тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, төтенше жағдайлар салдарынан шұғыл көмекке мұқтаж, экологиялық зілзала, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйінен айырылған және әскери қызметті атқару кезінде қаза тапқан отбасы балалары қамтылады.
Биылғы оқу жылында Ақтөбеде дәл осы санатқа жататын 6 оқушы оқуға түскен. Бесеуі Білім-инновация лицейіне, біреуі М. Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатына қабылданған.
Мамандандырылған білім беру ұйымдарының қызметкерлері желтоқсан айынан бастап, аудандарды аралап жеңілдік жөнінде жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, облыстық білім басқармасының 8(7132) 98-11-48 телефон нөмірлеріне хабарласып, толыққанды ақпарат алуға болады.