Ақтөбе облысында 718 000 гектар егін егіледі
Ақтөбе облысы биыл 717,9 мың гектар алаңда көктемгі егіс жұмыстарын жүргізеді. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Арайлым ҚАСЫМ
@araikassym
Аталған егістің 368,3 мың гектары дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, 249,7 мыңы жем-шөп, 88,2 мыңы майлы дақылдар, 6,2 мыңы картоп, 5,5 мың гектары көкөніс және бақша дақылдары болмақ.
Егістік жұмыстарына техника да сақадай сай отыр. 1,6 мың трактор, 108 егіс кешені, 1,3 мың сепкіш және басқа да мамандандырылған техника жұмылдырылады деген жоспар бар. Ал техникаға қажетті жағармай туралы ауылшаруашылық басқармасы айтып берді.
- Облыс бойынша 9,8 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, ол Ақтөбе ауыл шаруашылығы құрылымдарының көктемгі егіс жұмыстарына қажеттілігін толық көлемде өтей алады. Жергілікті шаруашылықтарды қолдау мақсатында өсімдік шаруашылығын дамытуға жергілікті бюджеттен 1,3 млрд. теңге субсидия бөлінді. «Кең дала» бағдарламасы аясында «Аграрлық несиелеу корпорациясы» АҚ арқылы жұмыстарды жүргізуге жылдық 5% сыйақы мөлшерлемесімен 2 млрд. теңге кредиттік қаражат көзделген. 1,5 млрд. теңгеге өтінімдер мақұлданды. Өтінімдерді қабылдау жалғасуда», - деді сала мамандары.
Егіннің негізгі үлесі облыстың Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк және Хромтау аудандарына тиесілі. 4 ауданға егілетін егіннің үлесі 76,7 пайызды құрап отыр.