Байғанинде ауылішілік 6 жол жөнделеді
Байғанин ауданына апаратын «Ақтөбе – Атырау – Астрахань» жолының 205-226 шақырымы бірер жыл бұрын толық жөндеуден өтіп, халық игілігіне берілген болатын. Жолдың қалған бьөлігін мердігер компания биыл тапсыру тиіс. Ал ауыл ішіндегі көшелердің жөндеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Биыл жөндеуден өтетін 6 жолдың 1-еуіне қаражат республикалық, 5-еуіне облыстық бюджеттен бөлінген.
Арайлым ҚАСЫМ
Кемерші ауылының орталық көшесін салу үшін республикалық бюджеттен 240 363,0 теңге бөлінген. Жұмысты орындау үшін келсім шарт "Каз Гидро Спас" ЖШС-мен наурыз айының аяғында жасалған. Құрылыс жұмыстары алты ай ішінде аяқталады деп күтілуде. Кемершіге кіре беріс жолыдың 0-14, 14-28 шақырымдары да биыл жөнделеді.
Аудан орталығы Қарауылкелдіде де бірқатар жолдар жөнделеді. Барақ батыр көшесіндегі автомобиль жолы 3 айда жаңартылып, С.Бәйішев, Қ.Жазықов көшелерінің құрылысы жыл аяғына дейін тапсырылуы тиіс. Аталған көшелердің жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен шамамен 984 826,0 теңге бөлінген.
Облыстың бюджеттен «Қарауылкелді – Жарқамыс» ауыларалық жолының 50-66 шақырымын орташа жөндеуге де қаржы бөлініп отыр. «Жарты жазушылар Одағы» атанған Жарқамыс ауылынан Қарауылкелдіге кіреберіс те жаңармақ. Автомобиль жолының үстінен арка орнатылады. Ауылдағы Солтүстік-3, Бармақ батыр көшелеріне жаяу жүргіншілерге арналған тротуар салынады. Бұл құрылыстың бюджет мәселесін аудан өз мойынына алған.
Қарауылкелдідегі Болашақ тұрғын үй массивіне газ бен ауыз су тарту мәселесі де шешімін тапқан. Су құбыры үшін республикалық және облыстық бюджеттерден 376 568,0 газбен қамтуға 294 528,0 теңге бөлінді. Орталықтағы тозығы жеткен су жинақтау мұнарасы да биыл ауысады. Көлемі 100 текше метр болатын алып мұнараның орынына "Engineering and construction group" ЖШС жаңасын қояды. Құрылыс жұмысы шамамен екі айда аяқталмақ.
Байғанин аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы Болатбек Қонаров аудандағы ірі құрылыстарға да тоқталып өтті.
- Биыл Оймауытқа 100 орындық мектеп пен 50 орындық балабақша, Кемерші ауылына 50 орындық амбулатория, Қораши, Көкбұлақ, Қаражар, Қосарал ауылдарына 20 орындық медпункт салып, ел игілігіне беру жоспарда. Оймауыттағы мектеп пен балабақша құрылысын жүргізетін мердігер анықталды. Қалған жобалардың мердігерлері алдағы уақытта анықталады. Сонымен қатар Баршақұм ауылындағы көптен бері көтеріліп келе жатқан мәселе мектеп жанынан жапсарлас спорт залын салу еді. Оның да шешімі табылып, облыстық бюджеттен қаржысы бөлінді,-деді бөлім басшысы.