Ақтөбеде дәретхана шұңқырына құлап кеткен бала қаза тапты
Шалқарда дәретхана шұңқырына құлап кеткен бала 2 күннен кейін ауруханада қайтыс болды.
Назгүл ӘБЕТОВА
@nazgulabetova
Оқиға 3 мамыр күні Шалқар қаласында болған. Ауладағы дәретхана шұңқырына 2020 жылы туған бала құлап кеткен. Баланы шұңқырдан туыстары алып шыққан. Шалқар аудандық ауруханасының бас дәрігері Жанкелді Былқайырдың айтуынша, жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген. Жағдайы өте ауыр болған.
- Қабылдау бөлімінен реаниматолог дәрігер қарады. Сол жерден ИВЛ аппаратына қосылды,- деді аурухана бас дәрігері Жанкелді Былқайыр.
Санавиациямен қалаға жеткізілген. Алайда, баланы аман алып қалу мүмкін болмаған. 5 мамыр күні 2,5 жасар бүлдіршін ауруханада көз жұмды.
Облыстық ПД баспасөз қызметі ата-анасына қатысты "балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.