Ақтөбеде 4000-ға жуық бала қант диабетімен ауырады
Облыс бойынша соңғы 5 жылда балалар мен жасөспірімдер арасында қант диабетімен сырқаттанғандардың саны артқан. Бұл туралы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанова мәлімдеді.
Назгүл ӘБЕТОВА
@nazgulabetova
Райхан Қойшанованың сөзінше, биылғы жылдың I жартыжылдығының қорытыныдысы бойынша аталған аурумен ауыратын бала саны 3964-ке жетіп отыр. Өңірде қант диабеті аурының таралу көрсеткіші төмендегенімен, Әйтеке би ауданында өсім жоғары. Мамандар балалардың негізсіз салмақ қосу мен тәбеттің жоғарлауы ата-аналарды алаңдату керектігін еске салады.
-Балалардағы қант диабеті – бұл созылмалы патология. Онда метаболизмнің бұзылуы, ең алдымен көмірсулардың бұзылуы орын алады. Аурудың алдын алу үшін дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстану керек. Тамақтану режимін, су ішу режимін сақтаған дұрыс. Стресс, қорқыныш пен күйзеліс аурудың дамуына түрткі болуы мүмкін,-дейді департамент басшысы.
Айта кетейік, осыдан 5 жыл бұрын Ақтөбе облысында 121 бала қант диабетіне шалдықса, ал былтыр сырқаттанған бала саны 192-ге жеткен.