Алаяқтар қарызға ақша сұрауға көшкен

Қазіргі таңда кибералаяқтар өзгенің ақшасын иемденудің түрлі амалдарын қолданып келеді. Соның бірі- туыс немесе жақын адамынан қарызға ақша сұрау.

Назгүл ӘБЕТОВА

@abetovanazgul

Ақтөбе қаласының тұрғынына туыс әпкесі "Whatsapp" мессенджері арқылы хабарлама жазып, қарызға 200 мың теңге көлемінде ақша сұраған. Әпкесі ештеңеден күмәнданбай, сұраған ақшаны көрсетілген шотқа аударған. Алайда, біраз уақыт өткеннен кейін сіңлісінің одан ақша сұрамағаны белгілі болған. Бұл алаяқтардың әрекеті екені анықталған. Жәбірленуші полицияға арызданған.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, қазіргі таңда кибералаяқтар азаматтардың ақшасын иемдену үшін түрлі амалдарды қолданады. Олардың айла-әдістері күннен күнге жаңа сипатқа ие. Соның бірі – туысы немесе жақын танысы болып қарызға ақша сұрау.

“Алдымен алаяқтар әлеуметтік желідегі парақшаңызды, аккаунтыңызды бұзу арқылы оған қол жеткізеді. Әрі қарай сіздің атыңыздан жақын таныстарыңызға, туыстарыңызға хабарламалар жазып, әртүрлі сылтаулармен қарызға ақша сұрай бастайды. Алаяқтар сіздің әлеуметтік желілерде тіркелген нөмірлеріңізді, парақшаларыңызды пайдалану кезінде өзіңізге бұл желілер, қоңыраулар қолжетімсіз болады. Бар болғаны бірнеше сағаттың ішінде қаскүнемдер сіздің атыңыздан әлеуметтік желіде бірнеше жақын адамыңызбен хат жазысып, өзі көрсеткен шоттарға “қарызға” ақша аудартып үлгереді”,-дейді облыстық ПД баспасөз қызметі.

Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Серікжан Дүзбаевтің сөзінше, талдау жүргізу барысында киберқылмыскерлер әлеуметтік желіде түрлі сілтеме жіберу арқылы ойларын жүзеге асыратынын көрсеткен. Олар әртүрлі сілтемелерге өтіп лайк басу, дауыс беру, тартымды ұсыныстар, ұтыстар үшін немесе қызықтыратын жаңалықтар білу үшін сілтеме бойынша кіруді сұрайды. Оны орындаған жағдайда барлық деректерге оңай қол жеткізе алады.

Ақтөбе облысының полиция департаменті алаяқтардан қорғау үшін қарапайым қауіпсіздік қағидаларын сақтауға шақырады. Жеке деректеріңізді бөгде адамдарға жібермеңіз.Күмәнді интернет-ресурстарға тіркелмеген жөн. Дербес ақпаратты ұсынуды талап ететін күмәнді интернет-конкурстар мен лотереяларға қатыспаңыз! Таныс адамдарыңыз хабарламалар жазу арқылы қарызға ақша сұраса, оған қайта қоңырау шалыңыз. Сөйлесу қолжетімсіз болса, ақшаны аударудан бірден бас тартыңыз. Алаяқтардан сақ болыңыз!





Құқық
13:26, 09 январь 2024
3 294
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив