Ақтөбеде сәуірден бастап тіркелмеген мопедпен жүруге тыйым салынады
Көктемнен бастап мопед тізгіндеу үшін жүргізуші куәлігі талап етіледі. Сондай ақ, мопедті көлік ретінде тіркеп, мемлекеттік нөмір алу керек.
Назгүл ӘБЕТОВА
@abetovanazgul
5 сәуірден бастап мемлекеттік нөмірі, жүргізуші куәлігінсіз мопедпен жүруге тыйым салынатын жаңа ереже күшіне енеді. Нақтырақ айтқанда, мопед механикалық көлікке теңестіріледі. Сол күннен бастап мемлекеттік нөмірі, техникалық төлқұжаты және жүргізуші куәлігі бар сақтандыру полисін алған мопедтердің жүруіне рұқсат етіледі. Бұл туралы ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Еркін Өтеген мәлімдеді.
Еркін Өтегеннің айтуынша, мопед тізгіндейтіндер осы бастан қамдану керек. Ол үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінеді. Өзімен бірге жеке куәлік алып барады. Сондай-ақ, техникалық құжат немесе мопедтің техникалық сипаттамалары туралы мәліметтер ұсынып, өтініш толтырады. Мопедті тексеруден өткізеді. Айта кетейік, тіркеу үшін 11 мың теңге көлемінде баж салығын төлейді.