Ақтөбеде шенеунік пен депутаттар бюджет қаражатын жымқырған
Ақтөбенің Мұғалжар ауданы құрылыс бөлімінің басшысы мен аудандық мәслихат депутаттарына қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды,-деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Ақтөбе облысы бойынша департаменті.
Назгүл ӘБЕТОВА
@abetovanazgul
Олар халықтың осал тобына арналған 70 пәтерлі жатақхананы сатып алу арқылы 672 млн.теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Антикордың мәліметінше, сот күдіктілерді қамауда ұстау және үй қамағына алу түріндегі бұлтартпау шараларына санкция берді. Күдіктілердің 640 млн теңгеден астам сомаға ақшалай қаражаты мен түрлі мүлкіне тыйым салынған. Тергеу кезінде 359 млн. теңге сомасында материалдық залал өз еркімен ішінара өтелген.
“Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды”,-делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің хабарламасында.
Еске сала кетейік, жемқорлық фактілеріне тап болсаңыз 1424 нөміріне немесе @antikorkz_bot Telegram-ботына хабарлауға болады.