Ақтөбеде құлдыққа түскендер бар
Ақтөбеде басқа елдің азаматы құлдықта болған. Қазақстанға құрылыс жұмыстарын жасаймын деп келген оны Ақтөбенің аудан орталықтарының бірінде құл еткен. Шаруа қожалық иесі оның құжаттарын тартып алып, малға жеккен.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
kerekinfoaktobe@gmail.com
Адам саудасы - әлемнің басты проблемасының бірі. Статистикаға сүйенсек, әлем бойынша адам саудасының құрбаны - әйел адамдар. Көбіне оларды мәжбүрлеп жезөкшелікке тартады. Адам саудасының 20 пайыз құрбаны болатын балалар. Одан кейін адам күшін пайдалану. Еркінен тыс адамды қара жұмысқа жегу. Оларды құлша жұмсау. Ақтөбеде адам саудасының құлдықта ұстау бойынша бірнеше жағдай тіркелген. Бұл бойынша Дәріс-2016 қоғамдық қорының атқарушы директоры айтты.
- “Дәріс-2016” қоғамдық қоры 2016 жылдан бастап жұмыс жасайды. Үш бағыт бойынша адам саудасының алдын-алу, тұрмыстық зорлық зомбылықтың алдын-алу, мигранттарға көмек беруге қызмет көрсетеді. Біздің орталыққа адамдар қиын жағдайға тап болғанға хабарласып, көмек сұрайды. Қазіргі таңда адам саудасы қоғамды алаңдататын өзекті мәселе. Оның ішінде еңбек құлдығы жиі кездеседі. Оның өзінде жәбіренушілер көбіне арыз жазбай, соңына дейін істі жеткізе алмайды. Ашық айтуға қорқады. Шалғай аудандардың жеке қожалықтарында бірнеше жағдайлар болды. Атап айтсам. 2019 жылы Хромтау ауданында үш әйел азаматы құлдықтан босатылды. Олардың біреуі 9 жыл, бірі 4 ай, бірі 2 ай уақыт аралығында құлдықта болған. Олар бірнеше рет қашып шығуды ойлайды. Бірақ оларды қожалықтың иесі соққыға жығады. Полицейлер жеке қожалыққа барып тексергенде, тағы екі қыз құлдықта екенін белгілі болған. Қылмыстық іс сотқа жетіп, жеке қожалықтың басшысы 5 жыл 6 ай бас бостандығынан айрылды. Одан бөлек, Хлебодаркада Өзбекстан әйел азаматы мен Қазақстан азаматын 1 жыл бойы құлдықта ұстаған жеке қожалықтың басшысы 5 жыл 6 ай мерзімінде бас бостандығынан айрылды,-деді Дәріс-2016 қоғамдық қорының атқарушы директоры Гүлнұр Едігеева.
Оның айтуынша көбіне құлдыққа тап болған адамдардың қолдарында құжаттары болмайды. Олар құзырлы органдарға шағымданбайды. Тіпті кейбірі арыз жазуға қорқады екен.
- Қазіргі таңда тағы бір қылмыстық іс қозғалып жатыр. Өзге ұлттың азаматы құрылыс жұмыстарын жасаймын деп барған жерінде құлдыққа тап болады. Оны аудан орталығында жеке қожалықтың бірінде мал бақтырып ұстаған. Уақытылы дұрыс тамақтандырмаған. Қажетті қыстық киім-кешектер берілмеген. Құжаттарын бермей мәжбүрлеп ұстаған. Еңбек ақысын төлемеген. Осы іс бойынша арыз жазып, тиісті құзырлы органдар тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр,-дейді Гүлнұр Едігеева.
Заң не дейді?
Мемлекет басшысы "Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы" заңға қол қойған болатын. Заң 2024 жылы 5 қыркүйекте күшіне енді. Заңға сәйкес, Қылмыстық кодекске қылмыстардың жаңа санаты – адам саудасына байланысты қылмыстар және "сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтер" деген жаңа ұғым енгізіліп отыр. Ол үшін қылмыстық жаза қолданылады.
- Бұрын адам саудасы туралы заң болмаған. Қазіргі қабылданған заң аясында жұмыс істеу тиімді. Біздің елдің азаматтары да көптеген шет мемлекеттерде жұмыс жасауға кетіп жатыр. Азаматтардың қауіпсіздігі үшін басқа шет мемлекеттерге жұмысқа шықпас бұрын, алдын-ала дайындайтын орталық болу керек. Мұндай орталықтар Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінде бар. Орталықта барлығы заң жүзінде. Баратын жеріңді, жұмысыңды жан-жақты тексеріп, нақтылап береді. Сондықтан адамдарға ақпаратты қолжетімді, түсінікті болу үшін арнайы орталықтар ашылған дұрыс деп ойлаймын,-дейді атқарушы директор.
Қоғамдық қорға Қазақстанның өзге де облыстарынан хабарласып, көмек сұрайтындар да бар екен.
- Жақында Өскемен қаласынан бір қыз бала хабарласты. Ол өзінің көршісі жұмыспен Ресейге кетіп, хабарсыз қалғанын айтты. Мамасының денсаулық жағдайына байланысты баласын іздеуге шамасы болмаған. Ол бала әлеуметтік желіден хабарлама көріп, сол арқылы Ресейдің Тверь деген қаласындағы зауыттың бірінде жұмыс жасаймын деп кеткен екен. Алайда, оны алдап Тверьдің бір ауылдық жерінде шошқа бақтырып қойған. Бала басқа біреудің ұялы телефоны арқылы хабарласып айтқан. қазіргі таңда осы іспен біздің заңгерлер тексеру жұмыстарын бастап кетті. Облыста жаңа туған сәбиді сату бойынша қылмыстық іс тіркелді. Тұрмысқа шықпаған қыз, ата-анасы басқа жақта тұрады. Ата-анасы қызының босанып, баласын сатпақ болғанынанн бей хабар екен. Қылмыстық іс дәлелденсе 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Осы орайда жас қыздарға айтарым, қиын жағдайға тап болсаңыз, балаңызды сатып, қылмыс жасамаңыздар. Облыста арнайы орталықтар бар соларға тапсыруға болады,-дейді Гүлнұр Едігеева.
Адам саудасына байланысты кінәлі адамдарға жауапкершілік күшейтілді. Атап айтсақ, 2014 жылғы 3 шiлдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 128 бабының 1-тармағында «Адамды сатып алу-сату немесе оған қатысты өзге де мәмiлелер жасасу, сол сияқты оны қанау не азғырып көндiру, тасымалдау, беру, жасыру, алу, сондай-ақ қанау мақсатында өзге де іс-әрекеттер жасау – мүлкі тәркіленіп, төрт жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп жазылған. Бұрын жаза 3 жыл болатын. Ал адам саудасына қатысты топтық түрде жасалған қылмыс болған жағдайда қылмыскердің мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Жәбірленушімен алдын жазбаша келісім, ала сөз байласу, психикалық алдап-арбау, материалдық тәуелділік жағдайын пайдалану сияқты жағдайлардар да қылмыстық жауапкершіліктен қашуға мүмкіндік бермейді.
Қылмыстық жауапкершілік енгізілетін әрекеттер:
адамдарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды жыныстық сипаттағы өзге де қызметтер көрсетуге тарту, сол сияқты осы мақсаттар үшін жеңгетай болу;
осы қызметке тарту мақсатында, сол сияқты жеңгетайлық мақсатта жезөкшелікті, жыныстық сипаттағы өзге де қызметтерді насихаттау және (немесе) жарнамалау;
телекоммуникация желілерін, оның ішінде интернетті пайдалану арқылы жезөкшелікпен айналысу, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтер көрсету және жеңгетайлық үшін притондарды ұйымдастыру немесе ұстау.
Осы әрекеттер үшін Қылмыстық кодекстің 134 (Кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту), 308 (Жезөкшелiкпен айналысуға тарту) және 309-баптары (Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық) бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұдан бөлек, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 450-бабы (Көрінеу жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық үшін үй-жайлар ұсыну) қолданылады.
Сонымен қатар заңда жезөкшелік қызметін, кәмелетке толмаған адамның көрінеу көрсететін өзге де жыныстық сипаттағы қызметті алғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Қылмыстық кодекстің 122-бабы (Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау) бойынша 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қолданылады.
Адам саудасына қатысты қылмыстар бойынша татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату алынып тасталды. Сондай-ақ медициналық ұйымдардың және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың лауазымды адамдарының жаңа туған нәрестені тастап кету фактісі туралы хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді.