Kaspi Redпен алсаң – пайызын төлеме!

 

Бөлеп төлеуге зат сатып алғанда сатушының  көрсетілген бағаға үстемақы қосуы- дұрыс емес. Бұл заңға қайшы. Кінәсі дәлелденсе, сатушы 23 мың теңгеден 117 мың теңгеге дейін айыппұл арқалайды.

Назгүл ӘБЕТОВА

@abetovanazgul

Қазір бөліп төлеуге зат сатып алатындар қатары көп.  Киім-кешек, тұрмысқа қажетті затты айтпағанда, азық-түліктің өзін бөліп төлеуге алатындардың  саны артқан.  Осындай кезде сатушы қарызға алғаны үшін көрсетілген бағаға үстемақы қосатыны жасырын емес.  Жауапты мамандардың сөзінше,  сатушының бұл әрекеті заңға қайшы. Бұны бірі білсе, бірі біле бермейді. Дүкен сөресінде немесе базарда сатылатын заттың бағасы жазылып тұруы керек. Тұтынушы дүкен иесіне бағаны жазып қою туралы жазбаша наразылық білдіре алады. Сатушы он күн ішінде жауап бермесе, тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінуге болады. Ол үшін дәлелді құжат, яғни фото, видео жазбасы болуы керек.  Бұл туралы  Ақтөбе облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Гүлзада Алматбаева мәлімдеді. Оның  сөзінше, кез келген тауарды сатып алғанда тұтынушы өз құқығын қорғауға міндетті.

- Тұтынушы бөліп төлеуге зат сатып алғанда сатушы заттаңбада немесе сөреде қойған бағасына қосымша ақша қосқаны дәлелденсе, шағын кәсіпкерлік субьектісіне  -6 АЕК, орта кәсіпкерлік субьектісіне- 10 АЕК және  ірі кәсіпкерлік субьектісіне -30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады,-деп түсіндірді Гүлзада Алматбаева.

 Егер осы заңбұзушылықтар әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, төлейтін айыппұл мөлшері де артады. Департаментке бөліп төлеуге зат сатып алғаны үшін үстемақы қосты деп жүгінгендер  болған. Бірақ көп емес. Олардың шағымынан кейін сатушы қосқан ақшасын қайтарып берген.

 Еске сала кетейік, егер  тұтынушылардың  құқығы бұзылып жатса,  жұмыс күндері  54-46-49, 54-81-20, 54-81-26 телефон нөмірлеріне хабарласуға болады. Сондай ақ  өз өтініштерін @kzpp_bot телеграм-боты және e-tutynushy.kz бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы жолдауға мүмкіндігі бар.

 

Әлеумет
15:30, 07 февраль 2025
669
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив