"Мені анам некесіз туған"

 

«Мені анам некесіз туған»

 Тағдырым әуел бастан дұрыс басталмаған. Өмірге келе сала сынақтан көз ашпай келемін.  Адамның бақыты-бала деген. Екі балам бар. Бірақ қазір сол балалаларымды құшағыма баса алмай, сағыныштан құса болып жүрмін. Редакцияға келген келіншек осылай деп мұң шақты.

Айгерім Жұмабаева 

kerekinfoaktobe@gmail.com

  • Екі баланың анасымын. Жасым отызда. Осы жасымда өмірден көргенім көп болды. Менің өмірім әуел бастан дұрыс басталмаған. Олай дейтін себебім, бар. Мен некесіз туған қызбын. Әкемді, өзімнің тегімді білмеймін. Мені өмірге әкелген анам менен бас тартып, балалар үйіне тапсырып жіберген. Нағашы әжем мені балалар үйінен алу үшін, үлкен атамның тегіне жазып, мені сол жерден алып шығады. Осылай мені тағдырым өтіріктен басталады. Әлі сол күйі тағдырдың тауқыметін тартып келемін. Сынақтан сынақ көріп келемін. Осы жасымда неліктен көп сыналдым екен деген ой келеді. Мен өзімнің тегімді білмеймін. Руымды, арғы атамды білмеймін. Әкемді іздеп  түрлі бағдарламаларға бардым. Олар суретін сұрады. Менде суреті де жоқ. Ал, анамнан әкем туралы сұрасам болды, қабағын түйіп, ол туралы ештеңе айтпай қалады. Осылайша өмірім өте берді. 22 жыл бойы мені нағашы әжем тәрбиелеп, өсірген. Әжем мені түйенің сүтімен, жұмыртқамен  өсірген. Қолындағы барын менің аузыма тосып бағып-қақты. Анамның бермеген жылулығын, махаббатын әжем берді.  Мен тек әжеммен бірге  тұрдым. Ал, анам болса өз тағдырымен кетті. Басқа адамға тұрмысқа шықты,-дейді Ғалия.

 

Ғалияның нағашы әжесі қайтыс болған күннен кейін оның да өміріндегі ең ауыр кезеңдер басталған. Жағдайы кетіп, өмірден түңілген кездері көп болған.

  • 2015 жылы нағашы әжем қайтыс болды. Сол күннен бастап өмірім өзгерді. Тағдыр тауқыметі мені сынауын тоқтатпады. Әжемнің садақасы кезінде отбасымызда жанжал шықты. Сол баяғы үйдің дауы. Бір үйдің адамдары үйге таласып жататынын кинодан көруші едік. Енді сондай жағдай тура менің өмірімде болып жатты. Әжемнің үлкен қызы садақа үстінде «үйді бөліске саламыз» деп айқай шығарды. Әжем өлер алдында нотариусқа барып, үйдің бір бөлігін маған, бір бөлігін үлкен қызына (нағашы апама) жаздырып кеткен екен. Соған үлкендер дау шығарып, қарсы болды. «Саған қайдағы үй, өз үлесіңді шешеңе бер» деді. Мен өз үлесімді мамама бергім келмеді. Себебі, мені баққан жоқ. Бір бауырына басым, қызым деп басымнан сыйпаған емес. Өзі басқа адамға тұрмысқа шығып кетіп қалды ғой. Қалайша мен өз үлесімді беремін? Барлығына өз ойымды айтып  қарсы шықтым.  Сол кезде қатты ұрыс болды. Мен ондай айқайды көтере алмай, талма ұстап ауырып қалдым.   Сол уақытта еркімнен тыс «үйден бас тартамын» деген құжатқа қол қойдырып алады. Сөйтіп, мен дымсыз қалдым. Ал, мамам өз үлесін алып, үйді сатып үлкен нағашы апам екеуі бөлісіп алған. Өздерінің несиелерін жауып үйдің ақшасын жұмсап жіберді. Мені балаша алдап, шешемнің қолыма ұстатқаны тек 50 мың теңге,-деп көзіне жас алды кейіпкер.

Ғалия осылайша бір күнде дымсыз қалады.  Баяғы жылы үйі, әжесінің ыстық тамағы жоқ. Жас қыз қайда барарын білмейді. Солай анасы бірге тұруды ұсынады.

  • Әжем қайтқаннан кейін, үйсіз-күйсіз қалдым. Қайда барарымды білмей сандалдым. Сол уақытта анам «біздің қолымызда тұр» деп шақырды. Өгей әкем, анаммен бірге тұрдық. Ол үйде де жағдайым мәз болмады. Қит етсе, қабақтарын түйіп, маған ұрысуға дайын тұрды. Өгей әкем ішімдіктен бас алмайтын. Екі күннің бірінде ішімдік ішіп, аузына келгенін айтып отыратын. Күнде көретініміз сол. Өгей әкеммен келісе алмадым. Ішіп алып, маған басқа көзбен қарайтын болды. Аузынан боқтық сөздері кетпеді.  Содан мен ол үйде тұрғым келмеді. Тек үйден кетудің амалын іздедім. Ол кезде жұмыс жасамаймын. Жас едім. Сөйтіп жүріп, бір күні досыма бар жағдйды айттым. Тұрмысқа шығып, мына үйден кеткім келеді деп. Ол өзінің Орал қаласындағы танысымен таныстырды.  Телефон арқылы танысып, сөйлесіп жүріп, 2016 жылы Орал қаласына тұрмысқа шықтым. Жолдасым жақсы болды. Өзінің жұмысы бар, үйі бар отбасын асырайтын шамасы болды. Ол да мені жақсы көрді, арамызда махаббат болды. Отбасымыздың бақытты күндері басталды. Өзім іштей қуанып жүрдім. Барлық көрген қиындықтарым артта қалып, тек алдымда жарық өмір тұрғандай күйде жүрдім. Бойыма бала бітіп, қуанышымыз еселене түсті. Жолдасым да, мен де балаша мәз болып жүрдік. Жүктілік жақсы өтті. Аман-сау ай-күнім жетіп, дүниеге қыз  әкелдім. Осылайша отбасымыз толығып, бақытты күндеріміз өте берді. Дегенмен, қуанышымыз көпке бармады,-деп күрсінді бұрынғы жолдасын есіне алып.

Бақытты отбасылық өмірі, дүниеге бала әкелгеннен кейін өзгереді.

  • Мен босанғаннан кейін жолдасым екеуміздің арамызда ұрыс жиі болатын болды. Оған менің баламен үй шаруасына үлгермей қалуым себе болатын. Түнде бала жылап, кейде таңертең ерте тұра алмай қалатын едім. Бірінші бала болған соң, білмейтінім көп еді. Осындай жағдайларды пайдаланып, қайын апам да тиісетін болды. Жолдасымды маған айдап салатын болды. Жолдасым ішіп келіп, маған қол көтеруді шығарды. Тіпті ұруды әдетке айналдырып алды. Ұрып-соғуы басылмады. Бір күні күйеуім ішіп келіп, бөренемен басымнан қатты ұрды. Мен соққы алып, басымнан жарақат алдым. Сол соққыдан кейін, ауру пайда болды. Басымнан алған  жарақатымнан кейін   дәрігерлер эпилепсия диагнозын қойды.  Ол аздай, 2019 жылы жол-көлік оқиғасына ұшырап, тағы басымнан жарақат алдым. Ауруым асқынып кетті. Содан кейін талып қалуым жиілеп кетті. Мен жолдасымның соққысына шыдай алмай, ажырасуға шешім қабылдадым.  Солай ажырасып, қызыммен Ақтөбеге қайтып келдім. Анаммен бірге тұрдым. Бұл жақта да сыйым болмады. Ажырасып баламен келген қызды ешкім жақтырмады. Өгей әкем сол баяғы әдеті. Жұмыс істеуді ойламады. Тапқанын тек арақ ішумен құртатын еді. Мені үйге сыйғызбады. Отырсам опақ, тұрсам сопақ қылды. Өздерінің екі баласы бар еді. Мені адам есебіне алмайтын еді.  Өгей әкемнің де көрсеткен қорлығы жаныма батып, Қызылорда қаласындағы түп нағашыларыма хабарласып, қызымды алып сол жаққа кетіп қалдым,-деді Ғалия.

Басына пана сұрап, жасайтын жұмыс іздеп нағашыларына барған Ғалияны басқа өмір күтіп тұр еді.

  • Нағашыларыма бар жағдайымды түсіндіріп Қызылордаға келдім. Олар маған жұмыс емес, күйеу тауып берді.  Егде жастағы, жұмысы бар, қой аузынан шөп алмайтын кісі, осыған тұрмысқа шық деді нағашыларым. Қызымды жетектеп сол кісіге тұрмысқа шықтым.  Үй шаруасымен айналысып, тамақ-шайын жасап үйде отыратын едім.  Бірақ менің ауруым асқынып кетті. Ол жақтың ауасы ыстық болғасын талмам жиі ұстайтын. Барған жерім менің ауыратынымды жақтырмады. Ауру қатын кімге керек болады дейсің? Қолымызда қайын сіңілім тұрды. Ол да мені жақтырмады. Ол сылтау іздеп, жолдасым екеуміздің арамызды суытты. Қайын сіңілім ауруымды сылтау қылып ұрыс шығаратын болды. Бірде үйде мені ұрлықшы қылып, шу шығарды. Мен қатты ашуланып, көтеріліп кеттім. Бір жағынан, талмам ұстап бәрі қосылып кетті. Қайын сіңілім жедел жәрдем шақыртып, мені есі дұрыс емес деп хабар берген. Со күйі мені ауруханаға алып кетті.  Психдиспансерге есепке қойған екен. Оны өзім артынан білдім. Түрлі дәрілер ішіп, бойыма біткен баламды түсіріп алдым. Бұл жағдай күйеуіме ұнамады. Бәріне мені кінәлі қылды. Ауырғанымды бетіме басып, менен бас тартты. Тіпті, Ақтөбеге өзі билет алып, қызым екеумізді пойызға мінгізіп жіберді. Солай мені Ақтөбеге қайтарып жіберді. Қайтып келгеннен кейін де жағдайым дұрысталмады-,дейді келіншек.

Сол баяғы үйіндегі жанжалдан кеткісі келіп, әлеуметтік желіден жұмыстар іздей бастайды.

  • Ақтөбеге қайтып келген соң, жағдайым еш өзгермеді. Үйдегі қазан-ошақтың дауы бітпеді. Мен осы жолы өзім әлеуметтік желіден жұмыс іздеп басқа қалаға кеткім келді.  Солай Ресейдің Тверь қаласынан жұмыс тауып алдым. Айлығы 450-500 мың теңге екен.  Қызымды анама тапсырып, жолға шығып кеттім. Ол жақта колбаса шығаратын цехта жұмыс істедім. Уақытылы ақшамды алып отырдым. Мамаға салып жіберіп жүрдім. 10 ай бойы жұмыс істедім. Бірде жұмыс уақытында колбаса тиелген контейнер үстіме құлады. Қатты соққыдан ішім жыртылып жарақат алдым. Ішімнен қан кетіп жедел жәрдеммен аурухана алып кетіп, ота жасады. 2 апта ауруханада жаттым. Ауруханадан шығып, жұмысыма хабарласып едім. Ол жұмыстан мені шығарып жіберіпті. Ауру адам оларға да керек болмай қалды. Сөйтіп, баратын жерім болмай вокзалға келіп, қалған ақшама билет алып, Ақтөбеге қайтуды ойладым. Вокзалда тұрғанда талмам ұстап құлап қалыппын. Сол кезде мені бір кісі көріп, құтқарып қалды. Жедел жәрдем шақырып, ауруханаға апарады. Солай маған көмек берген өзге ұлттың азаматымен танысып, сөзіміз жарасып кетті. Сол үйде бірнеше уақыт тұрдым,-дейді кейіпкер.

30 жастағы Ғалияның туғанынан көрмеген құқайы жоқ. Оны ешкім бауырына басып, айналайын демеген. Еш пендеден жылу көрмегендіктен, аласұрып, жанын қоярға жер таппайтындай.

  • Бірде көшеде жүргенде бізді полицейлер тексерді. Менің тіркеу уақытымның мерзімі өтіп кеткен екен. Құжатымыз дұрыс болмай шықты.  Сөйтіп мені көшеде жүрген жерімнен мигранттар отыратын мекемеге апарып қамады. Сол жерде отырдым. Сонда осы адам менің жағдайымды біліп, аптасына екі рет тамақтарын алып келіп жүрді. Сол мекеменің басшылығына шығып, өзі бәрін дайындап беремін деп, мені алып шықты.  Маған ұшаққа билет алып, Астана арқылы Ақтөбеге қайтарды.  Менен кейін, екі айдан кейін Ақтөбеге мені іздеп келді. Сөйтіп, мен үшінші рет өзге ұлттың азаматымен бас қостым. Ол Орал қаласынан жұмыс тапқан. Сол жаққа қызымды алып бірге кеттім. Жақсы тұрдық. Аяғым ауыр болды. Бір жағынан мамам хабарласып мазамды алатын еді. Қашан келесің, мында өгей әкең маза бермей жүр деп, қайта-қайта мазамды алды. Мен қызымды алып қайтып келдім. Жолдасым Оралда қалды,-деді Ғалия.

Ғалия өгей әкесінің анасына қол көтергенін көріп, шыдай алмай полицейлерге ұстатып жіберген.

  • Ішімдіктен басқаны көрмейтін өгей әкем анама қол көтерді. Мен анамды ұрып жатқанына шыдай алмай, полиция шақырттым. Полицейлер келіп өгей әкемді алып кетті. Сол үшін мамам маған қатты ренжіп, ұрысты. Мен анамды қорғағым келді. Ал анам мені түсінбеді. Күнде бір сылтау тауып маған ұрысуды қоймады. Тек ақша тапсам ғана жақсымын. Қалған уақытта керегім жоқ ешкімге.  Аяғым ауыр болса да жұмыс жасап жүрдім. Ақша табудың  айласы. Қан кетіп уақытымнан ерте босанып қалдым. Ауруханада 1 айдай уақыт жатып шықтық. Перзентханадан жолдасым шығарып алуға келді. Бәрі жақсы болды. Үйге сіңілім келіп, менің жолдасыма қарсы болды. Біздің үйде тұрмайды, кетсін деді. Мен екі баламды алып жолдасыммен бірге жалдамалы пәтерге шығып кеттік. Бірде аяғым тайып, қолымды сындырып алдым. Оны көрген мамам жолдасым мені ұрып қолымды сындырған деп 102 ға хабарлаған екен. Олар менен, жолдасымнан жауап алды. Солай күніміз ұрыс-керіспен өтіп жатты. Мен бәрінен шаршап кетіп, өзімнің емханамдағы  дәрігеріме смс жаздым. «Бәрінен шаршадым, өзіме қол жұмсаймын, өлгім келеді» деп смс жазып жібердім. Жылап-жылап ұйықтап қалдым. Сол уақытта үйге 103,102, ИДН адамдары келді. Мен ауруханаға алып кетті. Мен ол жақта жатқанда балаларымды балалар үйіне алып кеткен. Қазір сол балаларымды қайтарып алғым келеді. Тиісті мекемелерге барып жүрмін, бірақ өзімнің шамам келмей жүр. Сол баяғы Қызылордада есепте тұрғаным шыға береді. Менің есім дұрыс. Бірақ, олар олай ойламайды,-деп көзіне жас алды кейіпкер.

 

 

 

 

Оқырман хаты (18+)
13:07, 21 февраль 2025
427
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив