Ақтөбеде мектеп оқушысының мәйіті табылды
Ақтөбеде Маресьев көшесіндегі көпқабатты үйдің ауласынан 1 сынып оқушысының мәйіті табылды. Полиция мәйітте зорлық белгілері жоқ екенін хабарлады.
Назгүл ӘБЕТОВА
@abetovanazgul
Ақтөбе облыстық полиция департаменті таңертеңгі сағат 07:30-да Маресьев көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінің ауласынан баланың мәйіті табылғанын хабарлады. Оқиға болған жерге жеткен жедел-тергеу тобы мәйіттен зорлықпен өлтіру белгілері жоқ екенін анықтаған. Облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның айтуынша, бала 1 сыныпта оқиды. Таңертең үйінен мектепке анасы, апасы үшеуі шықпақшы болады. Алайда бала аулаға бірінші шығып кетеді. Есінен танып қалған балаға анасы жедел-жәрдем шақырады. Жедел-жәрдем келгенше балада клиникалық өлім жағдайы болған. Дәрігерлер жарты сағат бойы реанимациялық шара жүргізгенімен, баланы аман алып қалу мүмкін болмады. Қайтыс болған бала диспансерлік есепте тұрмаған, денсаулығына байланысты шағым болмаған. Құзырлы органдар әлеуметтік желіде тараған ақпаратты растамады. Білім басқармасының басшысы жалған ақпарат таратқан мектеп мұғаліммен түсіндіру жұмыстары жүргізгенін айтты. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Мектеп оқушысының неден қайтыс болғанын сараптама нәтижесі көрсететін болады.