Ойынның төресі - шахмат
Елімізде шахмат спортының дамуы жаңа белеске көтерілуде, шахматқа қызығушылық артып келеді.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының ұйымдастыруымен биыл екінші рет өтетін Сенат кубогы – осының айқын дәлелі. Бұл турнирдің басты мақсаты – шахматты кеңінен насихаттау, халық арасында оның танымалдылығын арттыру және көпшілікті интеллектуалдық спортқа тарту.
2024 жылғы бірінші турнирдің сәтті, жоғары деңгейде өтуі осы жарыстың дәстүрге айналуына негіз болды. Шахмат ойыны логикалық ойлау, стратегиялық жоспарлау және сабырлылық сияқты маңызды қасиеттерді дамытады. Сондықтан мұндай жарыстардың өтуі қоғам үшін үлкен маңызға ие. Турнирдің дәстүрге айналуы өңірдегі шахмат спортының дамуына оң әсер етеді деп күтілуде.
Бұл жарыс – тек кәсіби спортшылар үшін ғана емес, шахмат әуесқойлары үшін де үлкен мүмкіндік. Әрбір қатысушы өз шеберлігін сынап, тәжірибе алмасып, жаңа таныстар таба алады. Сонымен қатар, мұндай шаралар шахматқа деген қызығушылықты арттырып, жас буынның осы спортқа бет бұруына ықпал етеді.
Сенат кубогы – тек жарыс емес, ой өрісін кеңейтетін, стратегиялық ойлауды дамытатын ерекше алаң. Осындай бастамалар арқылы шахмат спорты бұқаралық сипат алып, көпшілікке танымал бола түсері анық.
«Қазақстан Шахмат Федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облысы бойынша филиалы, Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесе, шахматты дамыту, спорт резервін, облыстық, республикалық құрама командаларға үміткерлерді даярлауды қамтамасыз ету, спортшылардың тәжірибелік дағдыларды игеруін, жоғары дәрежелі спортшыларды тәрбиелеу мақсатында шахматтан 2025 жылға жоспарланған, барлық жас санаттарына бағытталған турнирлерді облыстық спорттық-бұқаралық іс-шараларының бірыңғай өңірлік күнтізбесіне енгізді.
Осыған орай, облыстық спорттық-бұқаралық іс-шараларының бірыңғай өңірлік күнтізбесіне енгізілген, 26 сәуірде, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің Аққағаз Досжанова атындағы конференц холлында өтетін «Senat Open 2025» II ашық Кубогі, шахмат турниріне жергілікті мәслихат депутаттарын, қоғамдық және ардагерлер Кеңестері, бұқаралық ақпарт құралдары өкілдерін, мемлекеттік қызметшілерді, шахмат сүйер қауымды қатысуға және тамашалауға шақырамыз.
Арман Елдесов, «Қазақстан Шахмат Федерациясы» РҚБ, Ақтөбе облысы бойынша филиалы атқарушы директоры