Орталық барда – бағыт бар


Жастардың жүгін көтеріп жүрген орталық
Аталған орталық – жастар саясатын жүзеге асыратын негізгі алаң. Мұнда 14-35 жас аралығындағы жастармен тікелей жұмыс жүргізіледі. Орталықтың негізгі мақсаты – жастардың әлеуметтік және тұлғалық дамуына жағдай жасау, олардың бастамаларына қолдау көрсету, құқықтық, психологиялық, кәсіптік бағыт-бағдар беру, сондай-ақ құқық бұзушылықтың, діни радикализм мен зиянды әдеттердің алдын алу. Орталық құрылымында екі бөлім жұмыс істейді: Ақпараттық-түсіндіру және жастармен жұмыс бөлімі, Қоғаммен байланыс және NEET санатымен жұмыс бөлімі. Бүгінде орталықта 11 қызметкер еңбек етеді. Олар қаланың жоғары оқу орындары, колледждері мен мектептерімен тығыз байланыста жұмыс атқарып келеді. Орталық директоры Еркебұлан Мұхтарұлының айтуынша, бұл – жастардың еркін ой бөлісіп, даму жолын табуына мүмкіндік беретін ашық кеңістік.
– Біз жастарға тек кеңес беріп қана қоймаймыз. Олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, волонтерлыққа тарту, құқықтық сауаттылығын арттыру сияқты кешенді жұмыстарды жүйелі түрде жүргіземіз, – дейді ол.
Бес айда 6000-нан астам жас қамтылған
2025 жылдың алғашқы бес айында орталық 6162 жаспен жұмыс жүргізген. Бұл – тек көрсеткіш емес, бұл – нақты қамтылған, байланыс орнаған жастардың саны. Әрқайсысымен тақырыптық шаралар, кеңестер, кездесулер, спорттық және мәдени шаралар ұйымдастырылған.
Мысалы:
Ұлттық құндылықтар мен рухани патриотизм бағытындағы 31 іс-шараға 1771 жас қатысқан;
Құқықбұзушылық пен лудомания, буллинг, нашақорлықтың алдын алу бағытында – 25 іс-шара, 1615 жас қамтылған;
Экстремизм мен теріс ағымдардың алдын алу – 2 шара, 130 жас;
Салауатты өмір салты және бұқаралық спортты насихаттау – 2 шара, 90 жас;
Кәсіптік бағдар және қаржылық сауаттылықты арттыру – 8 шара, 133 жас;
Волонтерлық қызметті дамыту – 31 шара, 1161 жас;
Жас отбасылармен жұмыс – 3 шара, 275 жас;
Шығармашыл жастарды қолдау – 27 шара, 987 жас.
Жастармен байланысты арттыру үшін 32 медиа жарияланым (оның ішінде 24 телематериал, 8 мақала) дайындалған. Бұл орталық жұмысының ашықтығын көрсетеді.
«Жастарға кеңес» жобасы: ашық диалог алаңы
Қазіргі таңда жастар арасында жиі кездесетін мәселелер – құқықбұзушылық, нашақорлық, лудомания, діни адасушылық, буллинг. Орталық бұл мәселелерді шешудің бір жолы ретінде «Жастарға кеңес» жобасын іске асыруда. Жобаның аясында жоғары және арнаулы оқу орындарында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Полиция қызметкерлерімен бірге түнгі рейдтер ұйымдастырылып, заңды өкілсіз жүрген жастарға құқықтық түсіндіру шаралары жасалады. «OILAN, TAP» атты қызықты квест-ойын да жастар арасында құқықтық білімді арттыру мақсатында өткізіліпті.


Жұмысшы жастар мен волонтерлар: науқан мен нақты нәтиже
Мемлекет басшысы жариялаған "Жұмысшы мамандықтар жылы" аясында орталық «DOSTYQ CUP» атты футбол турнирін ұйымдастырды. Турнир тек спорттық жарыс емес, еңбек адамының қадірін арттыру, жастар арасындағы достықты күшейту мақсатында өткізілген.
Сондай-ақ, «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы да – науқан емес, нақты көмекке негізделген жоба. Қарт кісілердің ауласын тазалау, бақшасына көмектесу – волонтерлардың күнделікті жұмысының бір бөлігіне айналған. Ал «Таза қала – таза жағалау» экологиялық акциясы жастарды табиғатқа жанашырлықпен қарауға баулып келеді.
Балалар – ертеңгі жас буын
1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай, орталықтың ұйымдастыруымен «Аяла» және «Үміт» балалар үйлерінде, ерекше балалармен жұмыс жүргізетін орталықтарда қайырымдылық шаралар өтті. Мақсат – балаларға қуаныш сыйлау, оларды қоғамнан оқшауламау, әлеуметтік бейімделуге көмектесу. Балаларға арналған мультфильм көрсету, ойыншықтар тарту, мерекелік атмосфера – осының бәрі мейірімді қоғамды қалыптастыруға жасалған нақты қадамдар.
Ақтөбе қаласының жастар ресурстық орталығы – құр ұран мен баяндаманың емес, нақты әрекеттің мекемесі. Мұнда жастарды тыңдайтын, бағыт беретін, болашағына бей-жай қарамайтын мамандар жұмыс істейді. Сан мен сапа қатар жүрген бұл орталықтың жұмысы – еліміздегі жастар саясатының тірі мысалы. Келешекке сеніммен қарау үшін жастармен осындай ұдайы, мазмұнды, жүйелі жұмыс қажет. Ақтөбе бұл бағытта үлгі бола алады.


