Атырау облысында ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелеріне семинар-тренинг өтті
«Дін мәселелері бойынша білікті мамандар даярлау» жобасы аясында Атырау облысында ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелеріне арналған оқыту семинарлары мен тренингтері іске асырылды.
Ағымдағы жылдың 17-18 сәуірінде Атырау қаласының «Ак Желкен» бизнес орталығы мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ-ның қолдауымен «Рухани жаңғыру» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен дін мәселері бойынша білікті мамандарды дайындауға бағытталған іс-шара өтті. Шараға Дін зерттеу орталығының, мешіттердің, орта және жоғары оқу орындарының және т.б мамандары, имамдары, психологтары мен теологтары қатысты. Жиында дін мәселелері бойынша түсіндіру тобының мүшелері – «Діни бірлестіктермен байланыс және діни экстремизмге қарсы насихат жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің басшысы Шопанова Бакытгул Максотовна және дінтану маманы Талдыбаев Төлеген Өмірзақұлы семинар оқыды.
Шопанова Бакытгул Максотовна «Халыққа ақпараттық түсіндіру жұмысын жүргізудегі менталдылықты таңдау» тақырыбы аясында қатысушыларға қоршаған ортамен тиімді қарым-қатынас құру, жақсы түсінісу үшін олардың салт-дәстүрін, дінін және өмір сүру салтын ескеру маңызын түсіндіріп кетті. Сонымен бірге, осы тақырыпқа сай практикалық жағдайлар арқылы әртүрлі өмірлік мысалдар нәтижеге қалай әсер ететінін көруге көмектесті.
Талдыбаев Төлеген Өмірзақұлы «Әлеуметтік желіде жат ағым идеологиясын айқындау техникасы мен БАҚ пен жұмыс жасау негіздері» тақырыбымен қатысушыларға қазіргі ғаламтор арқылы зиянды контенттің манипуляция, радикалды көзқарастар, эмоциялық әсер ету сияқты негізгі белгілерін қарастырды. Ал дәрістің екінші бөлімінде «Жаңа заманда ақпараттың таралу көздері мен принциптері. Ақпарат көздерін іріктеу тәсілдері» тақырыбына сай ақпараттық оқыту өрісін қалыптастыру бойынша қажетті ақпаратты жинақтау мен іріктеу практикалары жүргізілді. Сондай-ақ, ақпарат көздерін талдау, оның шынайылығын тексеру және жасырын мақсаттарды анықтау әдістері көрсетілді.
Сонымен қатар, семинарлар мен тренингтер барысында қатысушылар тарапынан дәріскерлерге сұрақтар қойылып, тұжырымды жауаптар алынды.