Ақтөбеде 5 адамды қарақұрт шақты
Мұғалжар ауданында 5 адамды қарақұрт шағып алды. Олардың ішінде жүкті әйел де бар.
Назгүл ӘБЕТОВА
@abetovanazgul
Мұғалжар ауданында 25 маусым күні екі адам қарақұрттан зардап шегіп, ауруханаға жүгінген. Оларға қарақұрттың уына қарсы сарысу енгізілген. Содан 10 күн бұрын ауданда жасөспірім мен екі ересек адамды улы өрмекші шағып алған болатын. Екі адамға сарысу егіліп, ал келіншек жүктілігіне байланысты облыстық ауруханаға жіберілген. Бұл туралы Мұғалжар газетінің ресми парақшасында жарияланды. Жапа шеккендердің арасында Қандыағаш, Жұрын, Талдысай, Ақкемер және Басшилі ауылдарының тұрғындары бар. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы Мұғалжарда қарақұрт шағып алған 5 адамның жағдайы жақсы екенін хабарлады. Олар ауруханадан үйіне жіберілген. Қазір жағдайлары жақсы, өмірлеріне төніп тұрған қауіп жоқ. Мамандар қарақұрт шағып алса, дереу дәрігерге қаралу керектігін еске салады.
