Заң мен тәртіп

 Ақтөбеде заң саласы өкілдері мен жергілікті атқарушы орган қызметкерлері тұрғындарға құқықтық көмек көрсетті. Дәстүрлі түрде өтетін “Заң мен тәртіп” акциясына 30 адам қатысып, көкейде жүрген сауалдарына жауап алды.   

Назгүл ӘБЕТОВА

@abetovanazgul

Ақтөбедегі  “Керуен Сити ” ойын -сауық орталығында “Заң мен  тәртіп”  акциясы  өтті. Шараның мақсаты- халықтың құқықтық мәдениетін арттыру. Мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтарға нақты құқықтық көмек беру. Прокурорлардың өзінше, ашық қабылдау кезінде алаяқтың тұзағына түскендер  көп жүгінеді. Олар алданып қалғаннан кейін, әрі қарай қалай әрекет ету керектігін білмей жатады. Кейбіреулері арыз жазуға да асықпайды. Мамандар азаматтардың сұрағына жауап беріп қана қоймай, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Дәлелді құжаттарымен келгендерге заң тұрғысынан көмек көрсетілді. Акцияға 30 адам қатысып, өзекті сауалдарын қойды. Атап айтсақ, келушілердің сұрағы  алаяқтық, алимент өндіру, жұмысқа орналасу, тұрғын үйге қатысты болды. Қойылған әрбір сұрақ жауапсыз қалмады. Өйткені тұрғындардың әлеуетін көтеру, мәселесін шешу мен алаңдатып отырған сауалдарға жауап беру- жергілікті атқарушы органдардың басымдыққа ие бағыттарының  бірі. Ақтөбе қалалық  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі әлеуметтің әлеуетін көтеретін бірқатар бағдарламаларды  жүзеге асырып жатыр. Бөлімнің бас маманы Эльмира Тасанованың сөзінше, халықты мазалайтын түйткілді мәселенің бірі- әлеуметтік көмек жайлы.

 - Азаматтардың есіне салып өтсем, биыл мамырдан бастап әлеуметтік маңызы бар ауруларға берілетін әлеуметтік көмекке өзгерістер енгізілді. Енді әлеуметтік маңызы бар ауруға шалдыққандарға әлеуметтік көмек табыс көзі есептеліп, мұқтаждық анықталған жағдайда ғана төленеді,-деді Ақтөбе қалалық  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Эльмира Тасанова. Сондай-ақ , жұмыссыз ретінде тіркелу, қоғамдық жұмыс, жастар практикасы жайлы қызықтырғандар сала мамандарынан тұщымды жауап алды. Бұл акция бір күндік емес, дәстүрлі шара. Шара барысында жеке және заңды тұлғалардан туындаған мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізе отырып, заң тұрғысынан көмек көрсетілді. Прокурорлар мен жергілікті атқарушы орган өкілдері қызметтерге қол жеткізу тәртібін түсіндірді. Өз құқығыңды білу- жеке адамның ғана емес, қоғамның тұрақтылығы мен дамуының көрінісі. Осы тұрғыдан алғанда “Заң мен тәртіп” акцияның маңызы зор. Акция аясында Ақтөбе облысы мен қаласының прокуратурасы “Жекпе-жек ”  спорт сарайында дзюдодан турнир ұйымдастырды. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткен шараға  12-14 жас аралығындағы 120 жасөспірім қатысты. Ұйымдастырушылардың сөзінше, жарыстың мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және есірткі қылмысымен  күресу. Жарыс жеңімпаздарына Ақтөбе облысы прокурорының атынан грамоталар, сертификат пен естелік сыйлықтар табыс етілді.

           


Құқық
15:30, 03 июль 2025
318
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив