Ақтөбе облысында 278 адамды кене шаққан
Кене шаққан адамдар жәндікті өз бетімен алып тастап, ауруханаға баруға асықпайды. Бұл жөнінде Ақтөбе облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Аяғанова мәлім етті.
Назгүл ӘБЕТОВА
@abetovanazgul
Алға, Әйтеке би, Ырғыз, Қобда және Ойыл аудандарында туляремияның табиғи ошақтары бар. Алайда Ақтөбе облысы кене энцефалиті аурулары бойынша эндемиялық аумаққа жатпайды. Туляремияның табиғи ошақтарының аумағында 38 елдімекен орналасқан. Мамандар жыл сайын аса қауіпті инфецияларды эпизоотиялық бақылау мақсатында эндемиялық аумақтардан кене жинап, зерттейді. Жәндік негізінен сәуір,-мамыр, қыркүйек-қазан айларында белсенді бола бастайды. Өзен жағасында, саяжайда тіршілік етеді. Кене шаққан жағдайда дереу емдеу мекемесіне қаралу керек. Олар 21 күн ішінде бақылауда болады. Бақылау туляремиямен ауыратын науқастарды ерте анықтау мақсатында жүргізіледі.
-Денеге қадалған кенені пинцетпен немесе жіппен алып тастайды. Кенені теріге жақын тұмсығынан ұстап, ақырын денеден шығарып алу керек. Бұндай жағдайда қолға қолғап кию керек. Кене шаққан жерге йод жағып, қолды сабындап жуған жөн,-дейді санитар маман. Биыл облыста 278 адам кенеден зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінген. Сондықтан кене шаққан жағдайда дереу дәрігерге қаралған жөн. Өз бетімен емделу- өмір үшін қауіпті.

