Есірткіге жол жоқ

 Ақтөбеде нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы кешенді күрес жалғасып жатыр.

Айгерім ЖҰМАБАЕВА

kerekinfoaktobe@gmail.com

Бүгінде бүкіл адамзат алдында тұрған ең күрделі қауіптің бірі — нашақорлық. Бұл – жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның өміріне қауіп төндіретін, ұлттық қауіпсіздік пен ұрпақ болашағына балта шабатын індет. Ақтөбе облысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бағытында пәрменді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары мен мемлекеттік құрылымдар, үкіметтік емес ұйымдар бірігіп, тек есірткінің айналымын шектеуге ғана емес, ең алдымен, оның алдын алуға ден қойып келеді.

 

164 құқық бұзушылық анықталды

Ақтөбе облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстардың қорытындысын жариялады. Полиция майоры Азамат Қияшевтің айтуынша, жыл басынан бері облыс аумағында 164 есірткіге қатысты құқық бұзушылық анықталған. Заңсыз айналымнан 141 келі есірткі тәркіленген, оның ішінде 134 келі марихуана, 7 келі –синтетикалық есірткі заты табылған. 1 маусым мен 31 қазан аралығында ел аумағында «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық шарасы өтіп жатыр. Бұл кезеңде есірткі құралдарының ірі партияларын анықтауға, ұйымдасқан қылмыстық топтарды әшкерелеуге, марихуана өсірілетін орындарды жоюға бағытталған іс-шаралар жүргізілуде.

— Есірткі контрабандасы, сақтау, жарнамалау, интернет арқылы тарату деректері бойынша кешенді жұмыс жүруде. «Самара – Шымкент» және «Ақтөбе – Астрахань» бағыттарындағы жолдарда мобильдік топтар құрылған, — дейді басқарма басшысы.

Бір айда 32 дерек

Маусым айының өзінде 32 есірткіге қатысты заң бұзушылық тіркелді. Заңсыз айналымнан 43,6 кг есірткі алынды, 2 500 түп қарасора өсімдігі жойылды. Мұның барлығы – «Қарасора-2025» шеңберінде жүргізіліп жатқан профилактикалық шаралардың нәтижесі.

 900 адам қамтылған іс-шаралар

Ақтөбе облысы аумағында халық арасында есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыру, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау бағытында белсенді жұмыстар жүріп жатыр.

2025 жылдың алғашқы алты айында 200-ден астам шара ұйымдастырылып, 900-ге жуық адам қамтылды. Маңызды іс-шаралар қатарына дөңгелек үстелдер, спорттық жарыстар, ашық дәрістер мен семинарлар жатады. Бұл жұмысқа полиция департаменті, жергілікті атқарушы органдар, үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдері жұмыла атсалысуда.

 

«Антифрод» жүйесі

Соңғы жылдары синтетикалық есірткінің интернет арқылы байланыссыз жолмен таралуы көбейді. Бұл бағытта да кешенді шаралар қолға алынған. 790 сайт анықталып, «Кибернадзор» жүйесіне тіркелді. Ақтөбе қаласындағы 46 үй мен нысан қабырғасындағы есірткі жарнамасы бар жазулар боялды.

Әлеуметтік желілерге тәулік бойы мониторинг жүргізіледі

1882 банк картасы бұғатталып, 55 млн 954 мың теңге заңсыз айналымнан алынды. Бұл — есірткі сатуға қатысы бар қаржы қозғалысын бақылауда ұстау үшін жасалып жатқан нақты іс-шаралар.

«Закладчик» ұсталды

Жыл басынан бері Ақтөбеде 7 адам есірткі курьері (закладчик) ретінде ұсталды. Қазіргі уақытта олардың барлығына қатысты қылмыстық іс қозғалып, сот шешімімен жауапкершілікке тартылды.

Ақпараттық күрес — басты құрал

Бүгінде есірткі қылмысына қарсы тек күшпен емес, ақпаратпен күресу – ең тиімді жолдың бірі. Жарты жылдың ішінде республикалық БАҚ-та 52 материал, жергілікті БАҚ-та 180 материал, теледидарда 16 бағдарлама, интернет басылымдарда 85 мақала, әлеуметтік желілерде 192 жарияланым жарияланды. Оның ішінде Facebook 71 пост, Instagram 409 жарияланым берілді.

Болашақ – есірткісіз қоғамда

Нашақорлық – ұлт саулығына төнген қауіп. Бұл қауіппен күресу тек полицейдің емес, ата-ананың, мұғалімнің, журналистің, дәрігердің, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Ақтөбеде бұл бағытта жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Мақсат – ұрпақтың санасына у емес, үміт егу. Жастарды теріс жолдан сақтап, салауатты болашаққа бағыттау.

Есірткіге қарсы күрес – бір күндік науқан емес, үздіксіз әрекет пен қоғам болып жұмылуды талап ететін ұзақ жол. Ақтөбе – осы жолда берік қадам басқан өңір. Ал бұл қадамнан бүкіл ел үміт күтеді.

Әлеумет
12:51, 18 июль 2025
254
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив