Босқа жүрме, “JumysTAP”

 Ақтөбеде “JumysTAP” жобасы аясында кеңес беру модульдік пункттері ашылды. Бұл жоба жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған.

Назгүл ӘБЕТОВА

@abetovanazgul

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында жастардың кәсіби дамуына баса назар аудару қажеттігін атап өтті.

Президент атап өткендей, жастардың сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруіне жағдай жасау — еліміздің болашағы үшін маңызды қадам. Осыған сәйкес облыс орталығында “JumysTAP” жобасы аясында халық көп шоғырланатын жерлерде кеңес беру модульдік пункттері ашылды. Пункт таңертеңгі сағат 09: 00-ден кешкі 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Мұнда бас сұқсаңыз, жастарға арналған қандай мүмкіндіктер бар екенін білесіз. Ішінде жауапты маман отырады. Кестесе сәйкес, білім басқармасының, еңбек мобильділік орталығының, Қылмыстық-атқару жүйесінің департаментінің және “Даму”  кәсіпкерлікті дамыту қоры мен “ОтбасыБанк”  АҚ мамандары  жастарға  консультация жүргізеді. Оларға  бағыт-бағдар беріп, жол сілтейді. Барлығы тегін.  Әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпаратты да осы жерден алсаңыз болады.

 Модульдік пунктте халыққа еңбекпен қамту, әлеуметтік қорғау, кәсіпкерлік, тұрғын үй бағдарламалары, білім беру бастамалары, жастарды қолдау бағдарламалары бойынша кеңес беру қызметтерін  ұсынады. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асқан “JUMYS TAP” жобасы халықты жұмыспен қамтуға бағытталған. Бұл жерде қоғамдық жұмыс,  әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, алғашқы жұмыс орны, ұрпақтар келісім шарты және жастарға арналған грант туралы ақпарат беріледі. Түсіндіріп қана қоймай, жан-жақты кеңес береді.

 Облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы  Самғат Артығалиннің айтуынша, “JumysTAP” — бұл жастарға жаңа мүмкіндіктер мен болашаққа нық қадам жасауға арналған тиімді алаң. Жазғы мезгілде жұмыс іздеп жүрген жастарға “Жасыл ел” еңбек жасағы жайлы толық мәлімет беріледі. Нәтижесінде бұл бағдарламаға  2 оқушы мен 2 студен қатысуға ниет білдірген. Бір жас “Мансап” орталығына жолданып, тегін курсқа оқуға тіркелген.

Кәсіп ашуға арналған мемлекеттен мүмкіндіктер туралы 3 жасқа “Тәуелсіздік ұрпақтары”, “Бастау Бизнес” жобалары туралы ақпарат берілді. 2 адамға Мансап орталығындағы қысқамерзімді кәсіптік оқулар жайлы түсіндіріліп, орталыққа жіберілді,- дейді Самғат Артығалин.

 Жастарға берілген мүмкіндік

 “JumysTAP” модульдік пунктіне келген Айбек Сағынғали жазғы демалысты босқа өткізгісі келмейді. Еңбек етіп, табыс тапқысы келеді. Айбек   орталықтың ашылғанына дән риза.

 -Жазғы демалысты бос өткізбеуді ұйғардым. Ата-анама қолғабыс болып, өзіме де пайдалы іспен айналысқым келді. Сол үшін қаламызда орналасқан “JumysTap”  модульдік пунктіне бардым. Ол жерден жастарға арналған түрлі жұмыс пен жобалар жайлы толық ақпарат алдым. Әсіресе “Жасыл ел” жастар еңбек жасағы қатты қызықтырды. Жетекшілер маған бағдарлама туралы түсіндіріп, қатысу үшін қандай құжаттар керек екенін айтты. Сол күні-ақ барлық қажетті құжаттарды жинап, өтініш беріп үлгердім. Енді жазда өз уақытымды тиімді өткізіп, табыс тауып қана қоймай, туған жерімді абаттандыруға үлес қоса аламын. Бұл — мен үшін үлкен тәжірибе мен пайдалы мүмкіндік болмақ,-дейді ол. Жастар модульдің пункттің ашылғанына қызығушылық танытуда. Биыл оқуды аяқтаған Алмагүл мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, тәжірибе жинақтағысы келеді.  Осы жерден “Жастар практикасы ” жайлы естіп, жан-жақты ақпарат алған.

-Биыл оқуымды бітірдім. Енді мамандығым бойынша тәжірибе жинағым келді. Бірақ қайдан, қалай бастарымды білмей жүрген едім. Сөйтіп, таныстардан естіп, “JumysTap”  модульдік пунктіне бардым. Ол жерден “Жастар практикасы” бағдарламасы туралы жан-жақты ақпарат алдым. Бағдарлама арқылы өзім оқыған мамандыққа сәйкес мекемелерде жұмыс істеуге мүмкіндік бар екенін білдім. Мамандығым бойынша жұмысқа құжаттар жинаудамын. Бұл маған нақты жұмыс тәжірибесін жинауға, ортаға бейімделуге және болашақта тұрақты жұмыс табуға үлкен көмек болғалы тұр. Мұндай мүмкіндіктердің барына қуаныштымын,-дейді Алмагүл Мұхтар.

  “JumysTAP” жобасы аясында кеңес беру модульдік пункттері ашылғалы 20 адам  жүгінген. Соның 9-ы жұмыс мәселесі бойынша, 2 адам қысқамерзімді кәсіптік оқу, 5 адам кәсіп ашуға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы сұрап келген.

Ақтөбеде жастарды жұмыспен қамту шаралары жолға қойылған.  “Екі қолға бір күрек”  іздеп жүрсеңіз,  қала көшелеріндегі “JumysTAP”-қа жолығыңыз.Орталықта жастарды тегін оқыту, кәсіпке баулу, жұмысқа орналастыру, тәжірибе жинақтау мен несие беру көмектері қарастырылған.

 Ақтөбе қаласы бойынша 5 модульдік пункт жұмыс істейді:

 

  1. Тургенев көшесіндегі Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) маңында;
  2. «Халықтық кеңсе» аумағында;
  3. «Далида» сауда орталығы аумағында;
  4. Тұрғын қалашық базарының тұрағы жақта;
  5. Есет батыр тұрғын үй алабы аумағында.

 

Әлеумет
15:30, 18 июль 2025
242
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив