Терезеңнен қайғы төнбесін

  

Ақтөбеде жаз басталғалы – күн нұрымен бірге қауіп те ентелеп тұр. Қайғылы статистикаға үңілсеңіз – терезеден құлаған балалар, көңілге кірбің түсіретін, «әттең» дегізетін оқиғалар. Ойнап жүріп опат болған, күлкісі ерте өшкен сәбилер. Бір сәтке ересектердің назарынан тыс қалған бүлдіршін өмір мен өлім арасында қалуы – өзекті өртейтін шындық.

Айгерім ЖҰМАБАЕВА

kerekinfoaktobe@gmail.com

Ақтөбеде жаз басталғалы – күн нұрымен бірге қауіп те есік ашты. Қайғылы статистиканың артына үңілсеңіз – терезеден құлаған балалар. Көңілге кірбің түсіретін, «әттең» дегізетін оқиғалар. Ойнап жүріп опат болған, күлкісі ерте өшкен сәбилер. Бір сәтке ересектердің назарынан тыс қалған бүлдіршін өмір мен өлім арасында қалуы – өзекті өртейтін шындық. Осы орайда облыс көлемінде «Қауіпсіз терезе» атты акция басталып, түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Ақтөбе қаласының Жастар ресурстық орталығы мен Төтенше жағдайлар басқармасы бірлесе отырып, қаладағы көпқабатты үйлерді аралап, тұрғындарға баланың қауіпсіздігі – ең басты құндылық екенін түсіндіруде. Жақында ғана Ж/К «Сұңқар» тұрғын үй кешенінде ақпараттық шара өтті. Мақсат – бейқам сәттің құрбанына айналатын балалардың өмірін сақтау.

 

– Биыл облыста сегіз бала терезеден құлап кеткен. Жеті бала ауыр жарақатпен ауруханаға түсті. Ал, небәрі төрт жастағы бір бүлдіршін алған жарақатынан көз жұмды. Былтыр – 13 жағдай тіркелсе, екеуі қайғылы аяқталған еді. Бұлар – жай ғана сандар емес. Әрбір көрсеткіштің артында – ата-ананың көз жасы, өкінген жүрек, ауыр тағдыр бар, – дейді Ақтөбе қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Әли Купенов. Оның айтуынша, биыл «Қауіпсіз терезе» жобасы аясында 3 ескерту бейнеролигі әзірленіп, 330 көпқабатты үй қамтылған. 20-ға жуық кездесу өткізіліп, 95 жадынама стендтерге ілінген. Сонымен қатар, WhatsApp мессенджері арқылы тұрғындардың чаттарына ескерту видеолары жолданыпты. Жұмыс жүйелі түрде жалғасуда. «Сұңқар» тұрғын үй кешенінің ПИК төрайымы Дүрия Темірғалиева қауіпсіздік – әр ата-ананың жеке жауапкершілігі екенін айтты.

 – Бұл үйде тұрып жатқаныма үш жылдан асты. Екі үйде барлығы 123 пәтер бар. Балаларға арналып алаң салынды, ауланың қауіпсіздігі сақталған. Алайда, үйдің іші – ересектердің бақылауындағы кеңістік. Қазір жиі естиміз: бала терезеден құлапты. Бұл – тек ТЖД-ның немесе әкімдіктің ғана емес, ата-ананың да мәселесі. Терезеге тор орнатып, баланы қараусыз қалдырмау – әр адамның парызы. Өйткені, біз бала үшін өмір сүріп жүрміз ғой, – дейді ол тебірене. ТЖД қызметкерлерімен бірге ақпараттық жұмысты қолға алған Ақтөбе қалалық Жастар ресурстық орталығы да белсенділік танытып отыр.

 – Еліміз бойынша жыл сайын 60-қа жуық бала терезеден құлап жатыр. Газет-журнал, әлеуметтік желілер – бәрінде осы мәселе айтылуда. Бұл – қоғам болып жұмылатын тақырып. Жаз мезгілінде терезе үнемі ашық тұрады. Сол себепті қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауымыз қажет. Тор орнату, терезе маңындағы жиһаздарды жылжыту, баланы жалғыз қалдырмау – осының бәрі бір өмірді сақтап қалуы мүмкін, – дейді орталық маманы Әлішер Садық.

 

Құрметті ата-аналар!

Сіз үшін баланың өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Сондықтан келесі қарапайым, бірақ өмірлік маңызды ережелерді ұмытпаңыз:

Терезені ашқанда балаңыз бөлмеде жалғыз қалмасын.

Баланың жиһазға шығып, терезеге жету мүмкіндігін шектеңіз.

Москит торлар – қауіпсіздік емес! Олар бала салмағын көтере алмайды.

Баланың терезе ашу дағдысын мүмкіндігінше кейінге қалдырыңыз.

Балкон мен терезенің маңында орындық немесе өзге зат қоймаңыз.

Жеті жасқа дейінгі баланы жалғыз қалдырмаңыз – олар ата-ананы іздеп, ашық терезеге ұмтылуы мүмкін.

Баланың күлкісі – үйдің шырағы. Сол шырақ сөнбесін десеңіз, терезені ашпас бұрын, санаңызды жабыңыз. Қауіпсіздік – сіздің қолыңызда.

 

Әлеумет
15:56, 18 июль 2025
287
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив