Ақтөбеде ескі қоршаулар ауыстырылады
Абай даңғылындағы ескі қоршаулардың орнына жаңа металл конструкциялар орнатылады.
Ақтөбедегі Абай даңғылында ұзындығы 638 метрді құрайтын қоршауларды ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Абай бульвары – қаланың маңызды көлік және жаяу жүргінші инфрақұрылымының бір бөлігі. Қазіргі қоршаулардың техникалық жағдайы талапқа сай емес болғандықтан, оларды жаңарту қажеттігі туындаған.
– Арнайы жүргізілген тексеріс кезінде бірқатар бөліктердің қатты зақымдалғаны анықталды, – деп мәлімдеді әкімдік. – Бұл негізде ақаулық актісі жасалып, ауыстыру жұмыстары басталды. Ең көп зақымданған жерлер жол-көлік оқиғалары жиі болатын қиылыстар маңында орналасқан. Бұрынғы қоршаулар сыртқы жағы пластиктен, ішкі бөліктері металл таяныштардан жасалған. Алайда пластик материал зақымданған кезде жөндеуге келмейді – мысалы, оны дәнекерлеу мүмкін емес. Сондықтан оларды толық алмастыру қажет болды. Қазіргі уақытта «Али групп» ЖШС мердігер мекемесі қалыңдығы 3 мм болатын жаңа темір қоршауларды орнатуға кірісті. Қоршаулардың түсі – сұр, бетіне алтын түстес «Aqtobe» жазуы жазылады. Бұл жұмыстар қаланың көркін арттырып қана қоймай, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де бағытталған. Жаңа конструкциялар берік әрі ұзақ мерзімге жарамды, сол себепті болашақта қосымша жөндеу шығындары азаяды.