Ақтөбеде ескі көшелерге жиектас төселеді
Тротуарға жиектас салу жұмыстары қаланың бес ауданында жүргізіледі. Ақтөбенің ескі бөлігінде орналасқан бес ауданда жаяу жүргінші жолдарына тротуар жиектасы төселеді. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
– Алматы ауданында жалпы көлемі 10 356 шаршы метр тротуар төселеді. Жұмыстар үш учаскеге бөлінген. Олар Ломоносов, Шернияз, Некрасов, Жанқожа батыр көшелерін және Кереев көшесіндегі Автовокзал маңындағы скверді қамтиды. Бұған қоса, теміржол вокзалының аумағы да биыл абаттандырылады, – делінген ресми хабарламада.
Аталған жұмыстардың орындалу барысына аудан әкімдігі қатаң бақылау жүргізіп отыр.
– Қазір Ломоносов көшесінде жұмыстар жүріп жатыр. Біз мердігер ұйымдардың сапалы әрі уақытылы жұмыс істеуін үнемі бақылауда ұстаймыз, – дейді Алматы ауданының әкімі Рүстем Үтешев. – Бұл жұмыстар ескі қала келбетінің жақсаруына оң әсер етіп, тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы жүріп-тұруына мүмкіндік береді. Бұл – қаланың инфрақұрылымын жүйелі түрде жақсартуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған бастамалардың бір бөлігі. Келесі жылы бұл жұмыстар жалғасып, ескі қаланың өзге көшелерін де қамтитын болады.