Ақтөбе облысында 870 адам жануардан жарақат алған
Жыл басынан бері адамдар арасында құтыру ауруы тіркелмеген. Эпидемиологиялық жағдай тұрақты.
Жыл басынан бері Алға ауданында жануарлар арасында құтыру ауруының 1 жағдайы тіркелді. Ошақта індетке қарсы, ветеринарлық-санитарлық іс-шаралар жүргізілді.
- Ошақтағы 89 бас ауылшаруашылық малдарына құтырмаға қарсы екпе жасалып, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Биыл облыстың емдеу-профилактикалық мекемесіне жануарлардың тістеуінен, тырнауынан және сілекейленуінен зардап шеккен 870 адам медициналық көмекке жүгінген. 870 жарақаттанушының 705-і иттерден, 154-і мысықтардан, біреуі ірі қара малдан, 6-ы жылқыдан және 4-і басқа жануарлардан зардап шеккен. Құтырмамен ауырған адам сауықпайтынын, бірақ антирабиялық егулерді уақытында алған жағдайда аурудың алдың алуға болатынын білу керек. Кез-келген жануарлардың тістеуінен, тырнауынан, сілекейленуінен зардап шеккен адам тез арада медициналық көмекке жүгінуі тиіс. Тіпті, жануардың дені сырттай сау көрінсе де, тістеп немесе тырнап алған жағдайда дәрігерге қаралу міндетті. Алдын ала емдеу жарақат алғаннан кейін шұғыл түрде басталуы шарт. Дәрігер тағайындаған емдеу курсын толық алу қажет, егуді үзуге болмайды. Антирабиялық екпе ауыртпайды және жеңіл түрде өтеді,-деп хабарлайды Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы.