Медицинаға қатысты шағым көп
Ақтөбеліктердің медициналық мекемелердегі қызмет көрсету сапасына қатысты шағымы көбейді. Науқастардың бірі дұрыс ем жасалмағанын айтса, енді бірі мүгедектікті рәсімдеудің мұңға айналғанын айтады.
Биыл Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкілдігіне денсаулық сақтау саласына қатысты 19 шағым түскен.
- Өткен жылы еңбек қатынастарына қатысты арыз-шағым көп болған еді. Биыл медицина саласына қатысты шағым көбейді. Мәселен, жақында Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылынан бір ана “E-otinish” арқылы шағым түсірді. Айтуынша, баласына жедел жәрдем көлігін шақырып, аудандық ауруханаға 5 рет шағымданған. Дұрыс диагноз қоймай, үйіне қайтарып жіберген. Соның салдарынан соқыршегі жарылып, іріңдеп кеткен. Бала Ақтөбеге жеткізіліп, шұғыл түрде ота жасалды. Қазір ол оңалту шараларынан өтіп жатыр. Осы арыздың негізінде облыстық денсаулық сақтау департаменті мен Медициналық бақылау және фармацевтикалық бақылау департаментіне тексеру тағайындау жөнінде ұсыныс жібердік. Нәтижесінде дәрігерлер тарапынан тиісті медициналық қызмет көрсетілмегені расталды. Екі лауазымды тұлғағаның әрқайсысына 9830 теңге көлемінде айыппұл салынды. Енді анасының сотқа жүгіну-жүгінбеуі өз еркінде. -дейді Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкілі Аққалқа Байдуллина. Мүгедектік ала алмай жүргендерін айтып, шағымданатындар да бар. Бұл мәселе жабық мекемелерде, яғни түрмеде отырғандар арасында өзекті.
- Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінің ашылғанына 3 жылға жуық уақыт болды. Бұрынғыдай емес, арыз-шағым айтып келетіндер көп. Әсіресе, жабық мекемелердегі сотталғандардың, кәмелетке толмаған балалардың, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқығын қорғауға басымдық беріледі. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мекемелерге ескертусіз барып, тексеруге, арыз-шағымдарды қабылдауға құқылы. Биылдыққа азаптауға қатысты 2 шағым түсті. Алайда олар ешқандай дәлелін тапқан жоқ, -дейді Аққалқа Байдуллина. Айта кетелік, биыл Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкілінің атына 350-ге жуық өтініш келіп түскен. Оның дені медициналық қызмет көрсету, түзеу мекемелеріндегі адам құқықтарын бұзу мәселелеріне қатысты болған.

